Тәуелсіздігім — жарқын болашағым

Нұрқабыл Гүлден Жеткергенқызы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы
.
.
Елім менің! Бұл өз үйіңнің табалдырығынан басталады. Содан шетсіз, шексіз қияға өрлеп кете барады. Оның жұпар атқан жусаны, оның кеудеңе құйылған мөлдір  ауасы, жотаға өрлеген жалғыз аяқ жолдары, осының бәрі – туған елдің бір бөлшегі.Туған ел мағынасы тереңде жатыр. Балғын балалық шақ! Айнала шапқылаған ала аяқты құлыншақ! Сәуірде бүршік атқан, қылтиып күн көзіне көрінген балауса көк шөп! Өзен үстінде үйіріліп ұшқан шағала! Кемеріне еркелей соққан көгілдір көл! Күннің қызғылт шапағына бөленген үйлер, осының бәрі – тұтас тұрған туған ел!
Әркімнің туған жері, елі өзіне ыстық болады. Менің туған елім – Қазақстан Республикасы. Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Тәуелсіздік! Қасиетті де құдіретті осы бір ұғымның тереңіне зер салып, ой жіберейік. Тәуелсіздік атты бұл тәтті сөздің тұңғиығында ата-бабамыздың ғасырлар бойғы асыл арманы, азаттық жолында құрбан болған талай-талай боздақтардың ұрпаққа қалдырған аманаты жатыр. Ұлы даланың жас перзенті – қалың қазақтың азаттық мұратындағы қасиетті күрестері, талай тар жол, тайғақ кешулері жатыр. Тәуелсіздік алып келген жетістік те, оң өзгерістер де мол. Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі – еркіндік!  Еліміздің еркін өмірдегі бүгінгі табыстарының бәрі де тәуелсіздіктің нәтижесі.
Қазақ ұлтының бүгінге дейінгі қат-қабат тарихының басты мазмұны – азаттық үшін күрес. Елдік пен бостандық жолындағы күресіміздің байырғы ғұн, оғыз, сақ, үйсін,  қаңлы, қыпшақ замандарынан кешегі шерлі желтоқсанға дейін сан ғасырлық шежіресі бар.  Жанқиярлық пен табанды күресінің арқасында ата-бабаларымыз өзінің бірлік-берекесін сақтап қана қоймай, ХV ғасырда қуатты Қазақ хандығын құрды.
Ұлт болып ұйып келе жатқан кезде,
Сан рет сүт күйінде төгіліпті! –деп Қадыр ақын жырлағандай, ұлт болып қалыптасып келе жатқан ұлы байтақ өлкемізге жан-жақтан көз тігіп, ойран салушылар көбейді. ХVII-XVIII ғасырларда жоңғарлар қаһарына іліккен қазақ халқы ақ табан шұбырынды, алқа көл сұламаға  ұшырады. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би ұйытқы болған, Қабанбай, Қарасай, Жәнібек, Олжабай, Райымбектер қорған болған өлке халқы Абылайдың ақ туының астында күш біріктіріп, осынау қырғында Отан үшін жандарын құрбандыққа шалды. Қазақстанның ресейге қосылуы патшалық Ресейдің үстемдігін күшейтті. ХІХ ғасырда империя меншігіне айналған жерімізді азат етемін деп Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, Кенесары Қасымұлы, Амангелді мен Бекболат сынды батырлар халық көтерілістерін бастады. Зеңбіректі әскерге найзамен қарсы шапқан олар көзсіз ерлік жасады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Шоқан, Ыбырай, Абай халықты озық елдер қатарынан қалыспауға, білімге шақырса, ХХ ғасырдың бірінші ширегінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабай, Мұхамеджан Сералы сияқты халық ұлдары ұлт санасын оятты, «елім» деп еңіреп, «халқым» деп қайысты.  Аңсаған азаттығымызды Кеңес үкіметі кезінде де ала алмадық, өйткені қазақ елінің үміт-арманы орындалмады. Қазақстан «халықтар түрмесі» атанды. 1932-1933 жылдардағы ашаршылықта екі миллион халықтың опат болуы, сталиндік репрессия жылдарында аяулы азаматтарымыздың жойылуы, ұлт мүддесін қорғағандарға «ұлтшыл» деген айып тағылып қудалануы жағдайымызды нашарлатты. Абай туған Шыңғыстауды қырық жыл бойы Семей атом полигонындағы сынақтар сілкінтіп тұрды. Ең қиыны тарихымыз аяусыз бұраланды, ұрпақ өз тегін, тілін, тарихы мен салт-дәстүрін ұмыта бастады.
Ақын Мұхтар Шаханов:
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың,- деп жырлағандай, еліміздің өрімдей ұл-қыздары 1986 жылы алаңға шықты. Бұл қозғалыс Колбин сияқты дүмбілез, алпауыт әміршісіне ғана қарсы тұрған наразылық емес, қазақ халқының орыстандыруға, полигондар мен лагерлерге қарсы наразылығы болатын. Тарихта алтын әріптермен жазылған Желтоқсан оқиғасы кеңестік империяның шаңырағын шайқалтты, осылайша ер түріктің ерлік дәстүрін әлемге тағы бір мәрте паш етті. Бүгінгі таңда қолымыз жетіп, елдігімізді асқақтатқан Тәуелсіздік осы Желтоқсаннан бастау алады.
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялады. Сол тәуелсіздігімізге биыл 27 жыл! Иа, 27 жыл!!! Аз ғана уақыттың ішінде дүние жүзі Қазақстан елінің тәуелсіздігін мойындады. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдандық. Өзіміздің Әнұранымыз, Елтаңбамыз, Туымыз, төл ақшамыз пайда болды. Әлем картасындағы «Қазақстан Республикасы» деген атау көзімізге оттай басылды. Тәуелсіздігіміздің айғағындай, елдігіміздің белгісіндей, алтын күндей Елтаңбамызды, желбіреген көк байрағымызды көргенде, әуелеген әнұранымызды естігенде бойыңды ерекше бір асқақ азаматтық сезім баурайды. Бұны көру де, сезіну де бір бақыт емес пе?!
Бүгінгі Қазақстан — әлемдік аренадан өз орнын ойып алған, Азия мен Еуропаны мойындата білген өжет елдің мекені. Ел тыныштығын нығайту, экономиканың жоғары дамуы, Қазақстан азаматтарының денсаулығының мықты болуы тәуелсіздігіміздің басты көрсеткіші.  Біз күн сайын елде болып жатқан жаңалықтарды естіп, қуанып жатамыз. Егемендігін алған жас мемлекеттің тізгінін жаңа қазақтар, қазақстандықтар берік ұстауда. Қазақстан бүгін әлемді мойындатты. Елімізде өткен Азиада, саммит, Лондонның төрінде көк байрағымызды желбіреткен спортшыларымыздың өнері – осының айғағы. Теледидардан тамашалап отырып, әрбір қазақ қуаныштан көзіне жас алғаны рас. Алда Қазақстанды үлкен белестер күтіп тұр. Еліміз ЕХРО 2017 көрмесінің жеңімпазы атанды. 2017 жылы Қазақстанның тағы да бір жұлдызды сәті туды. Сондықтан тәуелсіздіктің құны мен қадірін азаматтық сана, патриоттық жүрекпен түсіне білуіміз қажет.
         Көшбасшымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жолдауында «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, жаңғырудың алты бағытын белгілейді:
  1. Бәсекеге қабілеттілік;
  2. Прагматизм;
  3. Ұлттық бірегейлікті сақтау;
  4. Білімнің салтанат құруы;
  5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;
  6. Сананың ашықтығы.
         Ұлттық сананы қалыптастыру жолында тілдің атқарар рөлі өте маңызды. Жер бетіндегі адамға баласына қатысты дүниенің негізі кілті тіл болса, сол тіл арқылы адам мен адам, қоғам мен қоғам, қауымдастықтар мен өркениеттер танысып ұғысады. Қазақстан тәуелсіздік алғалы ширек ғасырдың ішінде зор табыстарға жетті, оның ішінде біз өзіміздің ана тіліміздің конституциялық құқықтарын айқындап жаздық. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп танылды, шетел тілдері оның қасында екінші немесе үшінші қосымша тіл ретінде қызмет атқаратын болды. Ұлттық сана мен мемлекеттік тілді бірінен-бірін ажыратып жатудың қажеті шамалы, бұл ұғымдар қажетті жағдайла бірдей де қолданыла береді. Себебі, бұл турасында Президент Н. Назарбаев: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп жазды «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жаңа бағдарламалық мақаласында. Ұлттық жаңғыру дегеніміз не? Жаңа ғасырдағы қазақтың келбет, бітім-болмысы қандай болу керек? Біз санамыздың қалай таза, ашық қалпында ұстай аламыз? Болашаққа бару үшін бізге не керек? Мемлекеттік тілдің келешектегі ролі қандай болады? Елбасы өз мақаласында осы және өзге де өзекті ойларға жауап іздейді.
«Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді, – деп жазады Президент. – Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін? Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр». Әлемдік өркениет көшінде әрбір ұлт өзінің барлық құндылықтарын, әсіресе тіл деген ұлы байлығын шама келгенше қорғап, сақтап жолында. Ұлттық сананың қалыптасу жолында, өткен тарих көшіндегі өнеге — ғибраттарды сақтау арқылы біз қазіргі аласапыран заманда ұлттық тілімізді қорғай аламыз. Өйткені жұлымыр уақыт, аласұрған кеңістік пен жаһанданған құбылыстардың қауіп-қатері барған сайын күшейіп отырғанына көз жетеді. Мемлекеттік тіл – ұлттық сананың ең басты кілті. Тілді сөйлеу арқылы санамыздың бір түкпірінде жатқан өткен тарихқа деген көзқарасымызды түзейміз, келешекке деген сеніміміз ұлғаяды. Әлемдік өркениеттер тарихында өзгеше салтанат құрған кешегі көшпелілер дәуірінің ендігі кезеңдегі даму қарқыны да сол байырғыдан келе жатқан көне білдерін сақтауымен тікелей байланысты. Ұлттық тілді сақтау үшін сананың ашықтығы айқын болуын да Елбасы мақаласында дұрыс тұжырымдайды: «Сананың ашықтығы зерденің үш ерекшелігін білдіреді. Біріншіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Екіншіден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек. Үшіншіден, бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі». Демек, ұлттық жаңғыруымыздың келешектегі көрінісі осындай мысалдардан аңғарылып тұр: ешкімнің қолы жете бермейтін шыңыраудағы су болғанша әркімнің несібесіне ырзық болар жайдақ су болуды мақсат тұту деген Абай мұраты бізге осылай жетеді. Мемлекеттік тіл қарпі тұйықталған кирил таңбасынан латын әліпбиіне өту талабын қоғамның қызу талқылауы да белгілі бір аймақтан ұлан кеңістікке ұмтылу ишарасы. Нендей өзгерістер алда тұр, біз соларға қарсы жүруді, онсыз да келіп-кетер қиындықпен алғашқы бетте кездесуді таңдадық. Президент айтады: «Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді  сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма? Бұл – бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты. Бірақ, мәселе бұған да тіреліп тұрған жоқ Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үлгісі. «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі». Жаһанданудан тыс қалу мүмкін болмаған заманда оған қарсы жүру – кездескен қиындық атаулыны тез еңсерудің мүмкіндігі.  Жаһандану құрдымына жұтылмаудың дара жолы – ұлттық дәстүрден ажырамау. Ал ұлттық дәстүрдің өзегі – ана тіліміз еді. Бір аксиома бар: бұл дүниеден барлық нәрсе өтеді, бірі  сыбағасын алып, енді бірі ештеңе бұйырмаған күйінде. Өркениеттен өз еншісін алған ұлттардың тілі мен салт-санасы, барлық құндылықтары өркендеу кезеңінде тұр. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бабамыз «Қазақ тілі ғұмыр жүзінде өз бәйгесін алар» дегені рас болса, республика жұртшылығының 67 пайызын құраған қазақ халқының тілі болашаққа бет алары сөзсіз. Сырттағы 5 миллион ағайынды қоспаған күннің өзінде осындай жетістігімізді жоққа санамауымыз керек, ертеңдері олар Қазақстан азаматтығын алғанда автоматты түрде бірнеше есе көбейгенімізді ойласақ, жұбаныш етеміз. «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз» деген президенттің шынайы тұжырымына көзіміз жететін кезең алда тұр.
          «Мәңгілік ел» болуымыз үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады… Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», – деп ашып көрсетеді.  Болашақта өз елінің қожасы да, иесі де – бүгінгі жастар. Олар – біздер.  Өсер еліміздің өскелең ұрпағы – бүгінгі жастар.  Мен – өркениет өріне қадам басқан еркін елдің азаматшасымын!  Сондықтан, тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қалаушы, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан»,-деп, Абай атамыз айтқандай, кірпіші болып қаланып, ата-баба ерлігі мен рухынан нәр алып, дәстүріне берік болып, Отанымның өркендеп-өсуіне бар күш-жігерімді аямаймын. Ол үшін кемел де терең біліммен қаруланып, ғылым мен техниканың сан қырлы тетігін меңгеріп, бүкіл әлемдік құндылықтарды бойына сіңіре алған ұрпақ болсақ деп армандаймын. Сонда бізді өзге елдер тани түсер еді, біз өзімізді таныта түсер едік.
         Елдің ертеңгі иесі – бүгінгі ұрпақ. Біздер тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін жауапты екенімізді, аға ұрпақ зор сенім артып отырғанын түсінгеніміз абзал.  Бүгінгі партада отырған шәкірт, ертең азаматсың! Сондықтан қыран қазағымның қанаты қырқылмағанын, қайта көкке қарай еркін өрлегенін, ұлттық рухы өлмегенін, халқының қанында, ұрпағының жадында жүргенін естен шығармайық!