Тәуелсіздік – қазақтың сан ғасырлық арманы

Шарипова Амина Бекбулатовна
Тарих пәнінің оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі
.
.
Білімділік мақсаты: Қазақ елінің өткен тарихын зерделеу арқылы, егеменді еліміздің болашағы мен бүгінгі күннің жетістіктеріне тоқталу, тәуелсіздік күні туралы терең мағлұмат беру.
Дамытушылық мақсаты: Тәуелсіздік үшін күресіп, желтоқсан құрбаны болған Қайрат Рысқұлбековтың өмірі, ерлігі жайында түсіндіріп, желтоқсан оқиғасына арналған өлең-жырларды оқып үйрену, бағалай білуге баулу.
Тәрбиелік мақсаты: жастарға туған халқын, елін, жерін сүюге тәрбиелеу.
 
Қандай бақыт қуанышты күн бүгін,
Дәлелдеуде Қазақстанның елдігін.
Арман еткен, қыршын кеткен ағалар,
Елің алды егеменді теңдігін.
 
1-жүргізуші: Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік — қазақтың сан ғасырлық арманы» атты кешімізді бастаймыз.
І. Әнұран орындалады.
 
1-жүргізуші:
Қайран қазақ елі… Жас ұрпаққа айта алмаған, жеткізе алмаған, жан дүниеңді дір еткізетін сырға, мұңға толы парақтары қаншама. Оған куә мына жатқан кең сары дала, заңғар  таулар, өзендер мен көлдер, құм шөлдер, тарихи ескерткіштер: мазарлар, қираған ежелгі қалалардың орны.
2-жүргізуші: Қазақ халқы бұл дүниеде не көрмеді? Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап, қойша қырылған «репрессия» жылдарына дейінгі аралықта халқымыздың осынау кең жаһан далада өмір сүруі, не жойылып кету қаупі тұрған еді.
1-жүргізуші: Халқымыздың тарихындағы аса бір қиын кезең жоңғар қонтайшыларының басқыншылық әрекеті еді. Қазақтардың руларға, жүздерге ыдырап бөлінуі кезеңін пайдаланып, және жеріміздің байлығына қызыққан азулы жау бейбіт өмір сүріп отырған халықты қырғынға ұшыратты.
1 оқушы: Халқым, елім, жерім, Атамекенім! Бірлігіміз білектің күніндей еді ғой. Аш-жалаңаш қайда беттеп барамыз? Қара шаңырағым  шайқалып, жерімнен қуылып, қайдан, кімнен пана  іздейміз? Күнім не болады, заманым не болады, ұрпағымның күні не болады?
Қу құдай, жаратқан ием қолдай көр! Не жаздым бұл өмірде, не жаздым соншама. Найзаның ұшында, қылыштың жүзінде жүріп, ата-бабаларымның қаны төгіліп, қорғаған жері еді ғой.
2-жүргізуші: Қаншама азапқа түсіп, қуғын-сүргінге ұшыраса да, қазақтың үш жүзі  қайта бірігіп, жоңғарларға кұйрете соққы берді. Бұдан кейін патшалық Ресейдің еліміздегі шұрайлы егістік жерлерді күшпен басып алуға арналған отарлау саясатына қарсы күрескен халқымыздың қаһарман ұлдары; Сырым мен Кенесарының, Исатай мен Махамбеттің, Сыпатай батырлардың есімдерін мақтан етуіміз керек.
2 оқушы: (Махамбет өлеңінен үзінді:)
Мен, мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде,
Еңіреп жүрген ер едім.
Исатайдың барында,
Екі тарлан бөрі едім,
Қай қазақтан кем едім?
Бір қазақпен тең едім.
Өздеріңдей хандардың,
Қарны жуан билердің,
Атандай даусын ақыртып,
Лауазымын көкке шақыртып,
Басын кессем деп едім.
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге,
Мал толтырсам деп едім.
1-жүргізуші: Патшаны тақтан құлатып, бірімен-бірін қырылыстырып, аяғында жаңа қоғам орнатқан Қызыл империяның зобалаңы қазақ халқына да тиді. Болашақтан үміт  күтіп, сенген қарапайым халық кеңес үкіметінің отаршылдық құрсауына шырмалып, жазықсыз жапа шегіп, адал ұл-қыздарынан айрылды. Егер қазақтың мал-мүліктерін конфискелеп, талан-таражға салмағанда  2 миллионға жуық бауырларымыз аштан қырылмас еді, туған жерін тастап, жер бетіне тарыдай шашырамас еді.
 
3 оқушы
Кім жіберді аштық деген пәлені?
Кім жауапты? Білгім келер соны мен.
Түйе мініп, атпен шапқан жан еді,
Малын айдап, көшіп жүрген жөнімен.
Түгін қоймай сыпырды ғой қастықпен,
Болады екен осындайда сұм айла.
Бүкіл жұртты қырып-жою аштықпен,
 Керек пе еді Аллаға, әлде Құдайға?
Аштық жайын еске алудың өзі мұң,
 Шаншу сұрақ мазалайды «неліктен»
Бұл қорлыққа қайтіп жетер төзімің,
Жер бетінде жүре алмайсың өліктен.
2-жүргізуші: 1937-1938 жылдардағы сталинизм репрессиясын ойласаң жанын түршігеді, халықтың қамын ойлаған зиялы азаматтарымыз бір түнде репрессия құрбандарына айналғандары қаншама?
4 оқушы:
Ойсыраған орның толмаса да,
Күтті сені қанша жыл — ел босаға.
Амал нешік?!
Дәстүрден тайды халқым,
Аққуларды атуға болмаса да!
Әлде кімге білігің жақпады ма?
Әлде кімге ұлы ұғым жақпады ма?
Отызға жасы жеткен ағаларды,
Ақ-құрасын айырмай атқаны ма?
5 оқушы:
Қанатымды самғатып қақтырмады,
Жан отымды лаулатып жақтырмады.
Керек болған халқыма арыстарды,
Көзден ғайып қылды да таптырмады!
Жұт кетпеді айналып аймағымнан,
Көңілге дақ орнады ойға күмән.
Сүттей таза халқымды іркіт қылып,
Алдыменен айырды қаймағымнан.
1-жүргізуші: Сталиндік репрессия мен  голошекиндік геноцид құрбандықтарына ұшыраған халқымыздың ұл-қыздары Отан соғысы жылдары  неміс фашист басқыншыларына қарсы Ресеймен бірге соғысуға мәжбүр болды. Олар Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигельдинов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Төлеген Тоқтаров, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов сынды азаматтарымыз жан аямай шайқасты.
ҰОС-ы жылдарынан көрініс.
Бір топ жастар музыка ырғағымен мектеп бітіру кешінде вальс билеп жүреді.
Радиодан… тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!
Фашистік Германия таңғы сағат 4-те 22 маусымда опасызпен Кеңес елінің шекарасына баса көктеп кірді.
 
2-жүргізуші: Соғыс -қиратушы күш. Барды жоқ ететін қасірет соғыста 70 млн адам құрбан болса, соның 27 млн Кеңес Одағынан, ал 350 мыңы қазақ еді. Соғыстан кейінгі жылдар халқымыздың басына төнген қасірет тың және тыңайған жерлерді игеру саясаты еді. Кең байтақ даламыздың жерін аяусыз жыртуға келген келімсектердің әсерінен мал жайылымдары жойылды, жер-су аттары өзгертілді, ұлттық білім, тәрбие мекемелері қысқартылды. Бұл тың игеру отарлау саясатымен бірге Қазақстанды жаппай “орыстандыру” саясатының басты мақсаты еді, ешқандай да ұлтпен санаспаған тоталитарлық жүйені қалыптастырды.
Көрініс.  Оқушылар қолдарына А4 формада жазылған сөздер ұстап тұрады.         (Ақмола – Целиноград, Солтүстік Қазақстан-Петропавл, Маңғыстау-Шевченко, Атырау-Гурьев; Сталин, Ленин, Комсомол, Космонавт көше атаулары орысша аталған.)
6 оқушы:
Әке тұрып сөйлеп кетті баламыз,
Ағайыннан алыс кетті арамыз.
Үш миллион аштан өлген бабамыз,
Қалғанымыз қайда кетіп барамыз.
Шұбарала болып кеткен тілдерің,
Айтатұғын келді бүгін күндерің.
Тілің кетсе, күнің қоса кетерін,
Қайран елім, қайдан ғана білмедің.
1-жүргізуші: Халқымыздың қонақжай, қарапайымдылығын білген “келімсектер” Мәскеудің күшімен халқымыздың тағдырын шешуді өз қолдарына алды. Нәтижесінде Қазақстан уланған экологиялық апат аймағына айналды, шаңырағымыздың төбесінде атом қаруы ашық сыналды, қасиетті Арал теңізі құмға айналды.
7 оқушы
Мәз болмайық арқамыздан қаққанда
Мәз болмайық жұлдыз әкеп таққанға.
Кімге керек жал мен жая жегенің,
Бауырларың қылтамақ боп жатқанда.
Бауырларым, жанымыз бір кемеде,
Уық сынып, қирап жатыр кереге.
Өз өз дауысын көтермесе өз елім,
өзгелерге Абай, Семей немене!
 8 оқушы
Оқымаған биікте тұр бабамыз,
Оқыдық қой неге саяз санамыз.
Асқынды ғой, асқынды ғой жарамыз,
Ей, бауырлар, қайда кетіп барамыз?
Айтатұғын атты бүгін ақ таңдар,
Бәрін біреу береді деп жатпаңдар.
Бір қазақты үшке бөліп бөлінбей,
Қайран елім, бірлігіңді сақтандар!
2 жүргізуші: 16 желтоқсан. Бұл ерлік пен өрлік, қайғы мен қасірет мидай араласқан әрі жарқын, әрі қаралы, қасіретті күн еді. Бұл қасіретті күн Қайрат, Ләззат, Сәбира, Ербол, Түгелбай сынды жүздеген, мыңдаған қыршындардың қанатын қиып түскен озбырлық үні, өктемдік үні еді. 1986 жылы 16 желтоқсанда қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумында Д. Қонаевты зейнеткерлікке шығуына байланысты Республика Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы міндетінен босатты. Оның орнына Ресейден келген Г. В. Колбин сайланды. Төтенше өткен Пленум 18 минутта аяқталды.
1 жүргізуші:Асығыс өткен пленум шешімі дүйім қазақ халқымен санаспаушылық болып табылды. Пленум шешіміне көңілі толмаған  халықтың жүрегінде наразылық ұшқыны лаулай түсті.
Көрініс: Сахнаға екі студент шығады, бірі – жігіт, бірі – қыз. Қолдарында конспекті дәптерлері бар.
Айгүл:Мақсат сен естідің бе? Кеше Дінмұхамед ағамыз орнынан алыныпты дейді .
Мақсат: Қойшы рас айтасың ба? Кімнен естідің?
Айгүл: Кеше куратор ағайдан естідім. Бүгін Брежнев алаңына көп адам жиналды.
Мақсат: Неге? Неліктен?
Айгүл: Қонаевтың орнына Ресейден бір орыс келіпті ғой. Халық наразылық білдіріп жатқан көрінеді. Куратор ағай ол жаққа бармаңдар деп ескертті.
Мақсат: Қой, біздің мұнда тығылып қалғанымыз жарамас. Жүр кеттік. Тез барайық .
Сахнаға бір топ жастар шығады. Жастардың қолында лозунг жазуы “Әр Республикаға – өз басшысы!”, “Қазақстан жасасын!”. Милиция қызметкерлерінің қолында дубинка.
1 жүргізушы: Иә, аңғал сеніммен алаңға шыққан бейкүнә қыз-жігіттер  “контрреволюционерлер”емес еді. Олардың ойы халықтың құқықтары мен бостандықтары туралы сөз жүргізу еді. Алайда оларды бір қолында шоқпары бар, бір қолында қалқаны бар қарулы, сақадай сай әскерлер қарсы алды. Бейбіт шеруге шыққан жастардың бейбіт тілегі ағаш жанқасындай быт-шыт болып ұшып жатты. 
9 оқушы:
Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Әкесі Ноғайбай бақташы, шешесі Дәметкен сауыншы болатын. Қайрат Шу қаласына таяу жердегі Новотащик селосындағы шопан балаларына арналған мектеп-интернатта оқыды. Қайрат мектепте бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болды. Қабырға газетінің редакторы болып, мақала жазумен әуестенетін.
Қайраттың ағасы Асылбек аға былай деп сыр шертеді: “Жағылған пышақтың сабы алтын” демекші, Қайрат ерекше жаратылған  бала еді. Бала болып орынсыз елтең-селтеңге берілгенін көрген емеспін. Оқуын тым жақсы оқыды. Төртінен бесі көп еді. Мінез-құлқының тұрақтылығы, ақыл-парасаттың айқындығы жағынан оқшау тұрды. Алды-артын болжап өмірдің қыр-сырына үңіле алатын қасиеті бар еді. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң өз тіршілігімен Алматы құрылыс институтына түсіп, студент атанды.
2 жүргізуші:
Тұтқынға түстім жаутаңдай
Жоламай ешкім қасыма.
Бара салсаң сәлем айт
Елдегі құрбы досыма, — деп мұңая жырлаған албырт жас ел Жаңа жылды қарсы алып жатқан күні туған нағашысының үйінде отырғанда тұтқынға алынды.
Көрініс. Үй-іші қалаша жиналған. Дастарған басында Қайрат, нағашысы, жеңгесі отыр.
Нағашысы: Қайрат-ау, тамақ алсаңшы! Студент болам деп бір ішек болып қалыпсың – ау өзің.
Қайрат: Жә, бұйырғанын жеп отырмын ғой нағашы.
Нағашысы: Астан алыңқыра, Қайрат. Өзіңнің ептеп өлең жазатының болушы еді ғой. Жаңа жылға арналған, мына маған арналған өлеңін бар шығар, жиен. Айта отыр көңілдене түсейік.
Қайрат: Иә, нағашы бар ғой, бар! (Осы кезде есік қағылып, үш-төрт милиция үйге кіріп келеді).
Милиция: Біз органнан келдік. Қайрат Рысқұлбеков деген азаматты тұтқындауға келдік. Прокурордың санкциясы бар. Міне!
2 жігіт Қайратқа: Тез жинал, бізбен бірге кетесің!
Жеңгесі: Ойбай-ау, бұларың не? Жұдырықтай баланың не жазығы бар еді? Әке-шешесіне не бетімізді айтамыз?
Милиция: Жеңеше, сабыр етіңіз! Бұл жігіт бір төбелеске қатысыпты. Анық-қанығын тексерген соң, қайтарып жібереміз.
 
Көрініс. Түрме іші, қолында қағазы бар Қайрат отыр. Қинала отырып “Түрме жыры ” өлеңін оқып шығады.
 
Қайрат: Жалалы боп, қатты батты жаныма,
Жазалаушы қағаз алдым қолыма.
Жігіттер- ай, айтып-айтпай не керек,
Жазған екен маңдайыма сорыма.
Біріншіден мен анамды сағындым,
Екіншіден, бұл құдайға не қылдым?…
Бостандықта еркін жүрген жан едім,
Енді, міне, абақтыға жабылдым.
Содан кейін қатты шаршап былай дейді: Ух” әбден шаршадым ғой, жүйке тамырым жұқарды ғой! Қайран Бостандық!
 
Тергеуші: Иә, Рысқұлбеков, тағы да хат жазып отырсың ба? Тергеуші Қайраттың қолындағы хатты жұлып алады. Сен Мир мен Сәтбаев көшелеріндегі жасақшыларды көрдің бе?
Қайрат: Егер ол көшеге бармасам, оларды қайдан көремін?
Тергеуші: Савицкийді сен өлтірдің бе?
Қайрат: Жоқ, өлтірген жоқпын.
Тергеуші: Сенің ұрып-жыққаныңды біреу көріпті ғой.
Қайрат: Олай болса мені сол адаммен беттестір. Бұл өтірік, жала!
Тергеуші: Ах, ты, декабрист несчастный! Я тебе покажу өтірікті! Жала дейді еще. Ұрып соғады.
 
1 жүргізуші:Қ. Рысқұлбеков “қылмысты ” табылып, Қазақ КСРО қылмыстық кодексінің 173 бабының 1 тармағы бойынша, жазаның ең ауыр түрі өлім жазысына  атуға кесілсін!
Тергеуші: Қайрат Рысқұлбеков ақтық сөзіңді айт!
Қайрат:
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
 Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
“Еркек тоқты құрбандық”,
Атам десең,  атыңдар! Жасақшылар Қайратты алып кетеді.
 
1 жүргізуші:
Кінәлі ме, ақын Қайрат, ер Қайрат?
Ауа жетпей атып шыққан алаңға.
Қылқындырған қиянатқа көнбеді ол,
Тапталғысы келмеді оның табанға.
Әсте естен шығармайды жыр мұны,
Айтады ылғи домбыраның күмбірі.
Аты аталса, күрсіндірер жылатып,
Желтоқсандық күрсіндірер жылатып,
Желтоқсандық азамат пен құрбаны.
Жатыр бүгін Мойынқұмның бауырында,
Қара өлеңнің ерте солған бір гүлі.
“Желтоқсан желі” әні орындалады.
2 жүргізуші:
Желбіреген байрағың желді күнде,
Биіктерің мәртебең елдігіңде.
Таныта бер Қазақстан, бар әлемге,
Керегеңнің кендігін де теңдігін де.
“Атамекен” әні орындалады.
Жүргізушілер: Осымен, “Тәуелсіздік – қазақтың сан ғасырлық арманы ” атты әдеби-тарихи кешіміз аяқталды.