Тіл дамыту теориясы және әдістемесі пәні негіздері

.

Ергазина Баглан Кабдолловна

Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» циклдік әдістемелік комиссиясының төрайымы

 

.

      Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту – үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы, қиын да жауапты жұмыс. Ең бастысы, мектепке дейінгі ұйым балаға белгілі бір білім беріп қана қоймай, оны жалпы дамыту, яғни, сөйлеу, оқу, қоршаған орта жөнінде дұрыс көзқарас қалыптастыруға, жағдайларды объективті түрде бақылап, талдау жасауға, ойын дұрыс айтуға, салыстыра білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне баулиды. Тілдерін дамыту арқылы балалардың ақыл-ойы кеңейеді, адамгершілік, эстетикалық тәрбие, бір-бірімен достық қарым-қатынас мәселелері де дұрыс жолға қойылады. Мектеп жасына дейінгі баланың сөйлеу тілін дамыту күн тәртібінен ешуақытта түсіп көрген емес. Жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеуде ұлттық сананы оятып, тілін дамытып және білім беруді тиімді әдістемемен жандандыра түсіп, дамыта оқыту керектігі туындап отыр. Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандықтарын оқыту барысында тіл дамыту теориясы және әдістемесі пәні жүзеге асырылады. Әдістеменің басты міндеті ғылыми-педагогикалық негізде бала тілін дамытудың тиімді әдістері мен тәсілдерін, құралдарын таба отырып,  онымен мектепке дейінгі ұйым педагогтарын балада тілдік-коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыру үшін қаруландыру. Бұл курстың негізгі мазмұны – мектеп жасына дейінгі балаларда ауызша сөйлеу тілін, өзінің жолдастарымен, үлкендермен сөйлесе білу дағдыларын қалыптастыру болып табылады.

     «Тіл дегеніміз – ойдың тікелей шыңдығы»,– дейді К.Маркс. Бала туғаннан-ақ дайын тілді пайдаланады. Сондықтан да Ы.Алтынсарин: «Өмірге қажетті ауызекі сөйлеу дағдыларына жаттықпайынша қай тілде болса да еркін сөйлеу мүмкін емес» — деп көрсетеді. Сондықтан да  балабақшада тәрбиеленушілердің тіліміздегі сөздердің айтылу нормаларын дұрыс меңгерулеріне, өз ойын жүйелі түрде байланыстырып айта білуіне тіліміздегі дыбыстарды қатесіз,  анық меңгеру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Тіл дамыту әдістемесі де басқа педагогикалық ғылымдар секілді қоғамдық ғылымдарға жатады. Адамның қоғамда өмір сүруі қанша қажет болса, олардың бірімен-бірінің қарым-қатынас жасауы, пікір алысуы, түсінісуі соншалықты қажет болып табылады. Адамдардың бір-бірімен пікір алмасу құралы болмаса, табиғаттың жасырын сырын ашып оны меңгеруі, тұрмысқа қажетті материалдық игіліктерді өндірудегі іс-әрекеті де жолға қойылмаған болар еді. Сондықтан да тіл түсінісудің құралы бола отырып, қоғамның барлық мүшелеріне түсінікті болуы керек. Яғни, қоғамнан тыс тіл болмайды. Тіл сонымен қатар оймен тікелей байланысты. Адамның ойы қоғамның, өмірдегі адамдарды қоршаған айналадағы заттардың, құбылыстардың адам санасындағы көрінісі, сәулесі болып саналады. Сол заттар, құбылыстар туралы адам санасында пайда болған ой тіл арқылы сыртқа шығады. Адам өз өмірінде таныған, түсінген, білген, сезген, терген нәрселерін тіл арқылы баяндайды.

   Студенттердің теориялық білімдерін практикамен байланыста жүргізу мақсаты көзделеді. Оның міндеттері: студенттердің тіл мәдениетін жетілдіру, әр топ бойынша берілген көркем шығармалардың мазмұнын талдау, сөйлегенде, оқығанда дауысты құбылта білуге дағдыландыру,  анықтамалық әдебиетті және қосымша әдебиеттерді өздігінен оқып үйрену дағдыларын меңгерту, ғылыми-педагогикалық негізде мәнерлеп оқудың тиімді әдістері мен тәсілдерін таңдай білу, балалардың ауызша сөйлеу тілін өзінің жолдастарымен, үлкендермен сөйлесе білу дағдыларын қарастыру, теориялық білімді тәжірибеде қолдана білу қабілетін дамыту.

     Студенттер колледжде теориялық білімдерін балабақша балаларына арнап еңбектер жазған, ғылыми зерттеулер жүргізген ғалымдардың бірі – педагогика ғылымдарының кандидаты Б.Баймұратова, оның «Мектеп жасына дейінгі балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамыту», «Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту методикасы», «Балаларды мектепке даярлау», «Біздің кітап» т.б. еңбектерінен өздеріне қажетті бар ақпараттарды алып, талдап, ізденеді. Ғалым Б.Баймұратова «Байланыстырып сөйлеу тілін дамыту » деген еңбегінде балабақшаға арнаған бағдарлама бойынша тіл дамыту сабақтарын жоспарлау және мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу ерекшеліктерімен дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамытудың тәсілдері мен әдістеріне тоқталды және осы еңбектің соңында жоғары топтарда өтілетін кейбір сабақтардың жоспарын берген. Байланыстырып сөйлеуге үйретудің негізгі әдістері мен тәсілдеріне сөздік жұмысын жүргізу, дидактикалық ойындар ойнату, түрлі заттардың атын айтқызып салыстыру, жұмбақ шешкізу, сурет арқылы әңгіме құрастыру, серуенге, топсаяхатқа шығару жұмыстарының ерекшеліктерін нақты мысалдармен дәлелдеп көрсеткен. Ал «Балалар тілін дамыту методикасы» деген еңбегінде балабақшадағы әр топтағы балалардың сөздік қорының қандай дәрежеде болатындығын төмендегі цифрлар арқылы дәлелдейді. Мысалы: 2 жастағы балалардың сөздік қоры – 500 сөзден астам болса, ал

3 жасар баланың сөздік қоры  — 1200, 4 жастағы баланың сөздік қоры -1900, мектеп алды даярлық тобындағы балалардың сөздік қоры 2500-3500 сөзге дейін жетеді деп атап көрсеткен. Ал өзінің жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде мектеп жасына дейінгі балалардың сөзді меңгеруі жанұядағы, бақшадағы жүргізілген тәрбие жұмыстарына байланысты деген қорытынды жасайды. Бақшадағы әр топтағы балалардың сөйлеу деңгейлерінің бағдарламалық талапқа сай болуы сабақтарда қолданылатын әдіс –тәсілдерге де байланысты екендігін көрсетеді. Студенттер  осындай теориялық білімдерін өндірістік машықтама кезінде де  қолдана біледі. Колледж білім алушылары кітапханадағы оқу құралдарымен  қатар  электронды оқулықтарды қолдану арқылы кәсіби білімдерін толықтыра алады. Мектепке дейінгі балалардың сөздік қорын, сөйлеу тілін дамыту мәселесі жаңа бағдарлама бойынша белгіленген. Алайда әлі оқи, жаза білмейтін балаларға жалпы тілге қойылатын талаптарды меңгерту, жаңа сөз үйрету, сөйлеу тәсілдеріне жаттықтыру, қоғам өмірінен, табиғат тіршілігінен тыс емес, осылармен тығыз бірлікте, сабақтаса жүргізіледі. Тәрбиешілер тіл дамыту сабағын жоспарлағанда баланың өмірден алған әсерін, естіп, білгенін ұдайы ескеріп отыруы тиіс. Сөз үйретуге арналған оқу іс-әрекеттерімен қатар саяхат-сабақ , таным-экскурсия, серуен-бақылау жұмыстары бір-бірімен үйлестіріле жүргізіледі. Тіл дамыту бір жақты құбылыс емес, сондықтан да баланың тілін логикалық ойлау арқылы, шығармашылық әртүрлі  тапсырмалар арқылы да дамытуға болады. Адам тәлім- тәрбиені, білімді тіл арқылы алады, мәдениетті, өнерді, ғылымды, техниканы тіл арқылы үйренеді. Тіл қоғам өмірінде адамдардың өзара пікірлесу, түсінісу қызметін атқарады. Тіл — әр ұлт өмірінің мәдениеті мен тарихын, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, тыныс-тіршілігін ұрпақтан-ұрпаққа жекізуші құрал. Олай болса, егеменді еліміздің болашағы өскелең  жас ұрпаққа сапалы білім мен тәлімді тәрбие беруде олардың тілін дамытудың  негізі қашанда мінбеден түспек емес.