Тіл мәртебесі – ел мерейі

Амиргалиева Амина Эхкихатовна

Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті оқытушысы

.

.

Дүниенің ең сұлу ғажап тілі

Ол менің ана тілімқазақ тілі!

Осы тілде айтылған алашымның

Қуанышы, қайғысы,азапмұңы.

Тілмен мәңгі қазақтың қазақтығы,

Тілмен мәңгі қазақтың азаттығы!

 

Балғынбек Имашев

 

 

 Қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл.

Тіл-адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді. Тіл оның ішінде біздің ана тілі еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру әрбіріміздің борышымыз.

Тіл байлығын игеру – ана тілін қадрлейтін, тіл мәдениетінің шыңына қол созатын адамның әрекеті. Ана тілін жақсы білу-әркімнің азаматтық борышы, қоғамда атқаратын қызметінің тірегі. Еліміздің тәуелсіз мемлекет болып, егемендік алуы тілі мен психологиясына оның өз мәнінде дамуына мүмкіндік берді.

 Бүгінгі күні мемлекеттік тілді қоғам өмірінің барлық саласына тереңдете енгізу мәселесі үлкен маңыз алып отыр. Соңғы кезде мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге, оның өркен жайып дамуына ықпал ететін басты-басты қадамдар жасалуда.

Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік егіз ұғым. Тілсіз- тәуелсіздік, егемендіксіз — тіл болмақ емес. Тіл – тәуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып орнағалы ширек ғасырға таяу уақыт болды. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп жарияланды. Бұл тұста Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде», – деп алдымызға айқын жол ашып берді. Бізге тек осы ұстанымды жүзеге асыруға бар күш-жігерді аямай, еңбек ету ғана қалды.

Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны.  Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Отбасы өзіміз де, Отанымыз – Қазақстан! Тіл меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше екенін, әр отбасы уыз шағынан балаға қазақ тілін үйретуді қолға алса, бұл тілдің еш қиындығы жоқ. Тек ана тіліміз арқылы ата-анаға, елге, Отанға, халыққа деген махаббатымызды жеткізе аламыз.

Адам баласы өз анасын қалай  сүйсе, өз тілін де солай сүюі тиісті екені анық. Ол әрбір адамға анасындай қымбат. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер- ана тілі. Халқымыздың мәдени дәрежесін көтере беруші қуатты құрал- қазақ тілі.

Өз тілін білмеген ұрпақ , алыстан бақыт тапқанмен , түптің түбінде өз кемшілігі үшін өкінетін болады. Өйткені, көп нәрсенің байыбына барып зерделей алмайды. Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілі-ар өлшемі, олай болса, тілді щұбарлау арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау екенін естен шығармайық! Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың. Сондықтан әрбір адам өз ана тілін білу және мемлекеттік тілін меңгеру міндетті.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп бекер айтылмаса керек. Ендеше, асыл мұрамыздың біріне айналған мемлекттік тілімізді қастерлей білейік, сөйлей білейік, құрметтейік!