Тіл-руханият өзегі

Байдилдина Асель Кенжахметовна
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
.
.
Әр халықтың тілі — өзіне тән қымбатты да қимас қазынасы. Сол сияқты біздің ана тіліміз де – алтындай асылымыз, мөлдір  маржанымыз, ғажап  гауһарымыз. Заманымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді…» – деген.     
Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа жолдауында «Тілдердің үштұғырлылығы» атты мәдени жобаны кезең — кезеңмен іске асыруды ұсынды. Қазақстан халқының рухани дамуымен қатар, бұл идея ішкі саясатымыздың жеке бағыты болып белгіленді. Яғни, идеяның негізі мынадай: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар: қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым — қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Басқаша айтқанда, үштұғырлы тіл идеясын мынадай әрі қарапайым, әрі түсінікті формуламен көрсетуге болады: мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз.
Ана тіліміз — халқымыздың тағдыры. Керек болса бұл біздің қазақ болып қалу,қалмауымыздың мәселесі. Өйткені тіл — халықтың жүрегі. Тілінен айрылған халық ұлт есебінде өзін де жояды. Бұған адамзат тарихы куә. Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану әрқайсымыз үшін парыз.   
Тәуелсіздік алған кезеңнен бері тілімізді өркендету жолында қаншама маңызды қадамдар жасалды. Алайда, қолға алынған көптеген іс-шаралардың ойға алғандай болып орындалмауынан, тіліміз қоғамдық өмірдің, қоғамдық қарым-қатынастың бірталай саласына терең ене алмай жатыр. Талай мәселе күні бүгінге дейін өз шешімін әлі таба қойған жоқ. 
Адам баласы жан-жағындағы тіршілікті көріп, біліп, тану үшін, алдымен оқу керек болса, қоршаған ортаның қыр-сырын, табиғаттың жұмбақтарын, өмірдегі кездесетін жақсылық пен жамандықты айыра білуге үйрететін міндеттің басым бөлігі, әрине, ұстаздардың үлесінде.
          Менің осы ұстаздық жолда жүргеніме он үш  жыл. Осы жылдар ішінде «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» деген ұстанымға сүйеніп, өзіме көп міндет жүктедім. Ұстамы болмаған шәкірттен жарқын болашақ күту қиын. Сол үшін де берген білімді бойына сіңіріп, болашағын бағдарлай білетін бала тәрбиелеуде қайтпас қажырлылық, ерекше еңбекқорлық, барынша біліктілік қажет.
Білім беру жүйесінің жаңа бағыт алуына байланысты мұғалім құзырлығының рөлі  мына мәселелерге саяды: оқушының әділетті және ашық қоғамда өнімді әрі толыққанды өмір сүру үшін қажетті білімдерді, біліктерді, түсініктер мен құндылықтарды игеруі.
Мектеп оқушылары өздерінің ойларын, талқылауларын дұрыс жеткізе алмауын, сонымен қатар алған  білімдерін күнделікті өмірде еркін қолдана алмауына жол бермеу.
Оқушылардың мемлекеттік тілді үйренуі сөзік қордың байлығы арқылы ғана іске асатындығын өмір тәжірибесі көрсетіп отыр.
Білім беру үрдісі, ең алдымен, дара тұлғаға бағытталып, оқушының интеллектуалдық-танымдық, психологиялық, іскерлік сапаларын, өз бетінше оқу әрекетін, коммуникативтілігін, әлеуметтенуге бейімділігін, эстетикалық, рухани-адамгершілік, мәдениетін қалыптастыру мен дамыту сияқты міндеттермен ұштасады. Ендігі жерде білім мазмұныны құрайтын оқу материалдары осы дамытушы мүддені көздеуге тікелей қызмет ететіндей етіп құрылуға тиіс. Оқушы ана тілінен басқа екінші тілді үйрену барысында өзіндік ой-тұжырымдарын дәйекті жеткізудің тілдік жаңа тәсілдерін меңгеруге міндетті. Сондықтан алдымен сөзді, сөйлеудің негізге ала отырып, содан соң тілді үйретуге көшкен жөн. Яғни бүкіл оқыту жүйесі тілмен түсінісуді қамтамасыз етуге бағытталған сөйлесімді үйретуге қатысты жүруі керек. Егер сөйлесуді меңгерту оқушының айтайын деген ойын ауызша және жазбаша түрде екінші адамға түсінікті етіп жеткізуін қамтамасыз ету болса, ал сөйлеуді үйрету күнделікті өмірде кездесетін жағдайларға байланысты іске асып отыруы керек.
Оқушы қазақ тілінен меңгерген бай сөздік қорын қарым-қатынаста қолдана алмаса, тіл білген болып саналмайды. Сондықтан оқушының сөздік қорын байыту сөздердің сөйлеуде қолданысына жаттықтырумен бірге байланыста жүргізіледі. Ал оқушы сөздерді қарым-қатынаста қолдана алу үшін, тілдік тұлғалардың қолданылу заңдылықтарын білуі керек. 
Тіл —  елдің тарихымен тамырлас, өткенінен хабар беретін, бабалардан қалған  байырғы асыл мұра. Тілдің халық үшін алар орны ерекше.  Тәуелсіздігімізді, еркіндігімізді баянды етер басты қаруымыз – туған тіл. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін келбеті. Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі. Халқымыздың аса бай рухани қазынасы – туған ана тіліміз. Ол – қазақ тілі. Қазақ тілі — өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқан әуезділігі – шырқап салар әндей. Туған тіл біздің бірінші бақытымыз, бірінші ырысымыз, біз сондықтан “Ана тіліміз” дейміз.
Тілді үйрену — өз ұлтыңды тану. Ұлттық тілді білу ұлт ділін, қасиетін, мінезін, ой, жан – дүниесін, сырын білу екенін, халықтық мәдениет пен дәстүрді жаңғырту болатынын естен шығармайық. Тілді оқулықтан үйрену өте мардымсыз болады. Бай қазынаны игеру қазақ тіліндегі көркем әдебиеттерді оқу, ғылыми еңбектермен танысу, жазба жұмыстарын жүргізу, күнделікті оқу, үйрену арқылы ғана орындалады. Қазақ тілі туған тілім екендігіне өте қуаныштымын және мақтан етемін. Ұстаздық жолымда шәкірттерімнің қазақ тілін терең меңгеруіне барынша аянбай еңбек ететініме сенімдімін.