Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз

Шибучикова Айнагүл Даулетбайқызы
Қазақ тілі мұғалімі
.
.
Мақсаты: 
  1. Оқушыларға ана тілінің және мемлекеттік тілдің маңызы туралы түсінік беру.
  2. Өлең, жаңылтпаш, мақал-мәтелдер айту арқылы тіл туралы сөздік қорларын,  тіл байлықтарын дамыту.
  3. Өз ана тілін сүюге, қастерлеуге, басқа тілдерді құрметтеуге, өз ойын толық жеткізе алатын білімді, саналы, салауатты, жан-жақты рухани бай жеке тұлға тәрбиелеу. Өз тіліне, туған жеріне, Отанына құрмет көрсете білуге баулу.
    Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап. 
    Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, әдебиеттік оқу,тарих
Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, слайд, даналық сөздер, сайыстың атауы. 
Сабақтың барысы: 
1-жүргізуші: Армысыздар, осы кештің қонақтары,
Халқымның ашық болсын атар таңы.
«Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» атты іс-шараның
Беделін көтерейік тарихтағы.
Мұғалім: Құрметті қонақтар, қымбатты оқушылар, бүгінгі біздің іс-шарамыз Тәуелсіздігімізді, еркіндігімізді баянды еткен басты қаруымыз – туған  тіл. Қазақстанда тұрған әрбір азамат мемлекеттік тілді құрметтейді.
Біздің бүкіл тарихымыздың жеткен жетістіктерінің бірі – ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қанын төгіп жүріп қорғап  қалған қасиетті жеріміз болса, екіншісі –сол ата-бабалардың арқасында бар бояуымен кестедей өрнектелген сырлы сазымен осы күнге аман-есен жеткен – қазақ  тілі. Бұның өзі қазақ тілінің мәртебелі де қасиетті тіл екеніне дәлел бола алады.
2-жүргізуші:
Туған тілім – тірлігімнің  айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім мен де бірге өшемін.
Мұғалім: Қазақстанда 140 ұлт өкілдері 17 конфессияның өкілдері тұрып жатыр. Әрине бұл қазақ халқының ұлылығынан «Кең болсаң кем болмайсың» деген қазақ халқының  пейілінің кеңдігінен басқа ұлт өкілдерінің  тұрып жатқан жайы бар.  
1-жүргізуші: Қазақстан халқының тілдер күніне арналған тілек сөз директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Тамбетова Нұржамал Маметқызына беріледі.
2-жүргізуші:Тіл халық тарихы, тіл ұлттық қазына, тіл біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз.
1-оқушы:1989 жыл 22-қыркүйек Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы заң қабылданып, қазақ тіліне «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» мәртебесі берілді.
2-оқушы:1993 жыл 28-қаңтар. Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданып, онда қазақ тілі «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі» болып бекітілді.
3-оқушы: 1995 жыл 30-тамыз Республикалық  референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып,  Конституцияның 7-бабында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі – қазақ  тілі»,-делінген.
4-оқушы: 1997 жыл 11-шілде. Қазақстан Ресыпубликасндағы тілдер туралы Заң Парламентке қайтадан талқыланып,ол Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен бекітілді.
5-оқушы: Заң бойынша қазақ тілі – Қазақстан  Республикасының Мемлекеттік тілі, қазақ халқының ұлттық тілі болып есептеледі, — деген. Қазақстан Республикасындағы тіл туралы Заң 6 тарау, 27 баптан тұрады.
1-жүргізуші: Елбасы Н.Назарбаевтың 1998 жылғы 20-қаңтардағы Жарлығына сәйкес «22 қыркүйек-Қазақстан халқының тілдері күні» ретінде аталып келеді.
2-жүргізуші: Шын жүйрік шабысынан танылады, 
Нақты білім, терең ой сыналады. 
Баға берер әділқазы ортамызда, 
Оларға құрметпен қол соғылады деп, сайыскерлерімізді бағалайтын,шындықты жарып айтатын әділ-қазылар алқасымен таныс болыңдар. 
1-жүргізуші:
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Тамбетова Н.М.
Дир.т.і.ж. орынбасары  Исмагулова З.А.
Мектеп психологы Мусинова А.Б.
2-жүргізуші: бүгінгі біздің сайысымыздың қатысушыларымен танысайық:
1 қатысушы –Нурмухамбетова Ақмарал
2 қатысушы –Нурмуканова Фарида
3 қатысушы – Ялгашева Фарида
4 қатысушы – Ибрагимова Мафтуна
5 қатысушы –Ибрагимова Дильдора
 Сайыстың өту барысымен, шартымен таныстыру: 
Сайыс  5 кезеңнен тұрады. 5 ұпаймен бағаланады.
1 кезең – «Өлең- сөздің патшасы» мәнерлеп оқу
2 кезең – «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» мақал-мәтелді аяқтау
3 кезең –«Жаңылтпаш айту».
4 кезең –«Даналардың сөздері» кім жазды?
5 кезең –«Шешендік өнер». Үй тапсырмасы: «Тіл – тірегіміз, соғып
тұрған жүрегіміз»
2-жүргізуші: Біз қазақ деген мал баққан елміз,бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.Елімізден құт-береке қашпасын деп,жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз,басымыздан сөз асырмаған елміз.
1-жүргізуші: Тіл-ұлттың белгісі,халықтың мұрасы,дүниетаным құралы.Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты. «Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» деген сөзді жадымыздан шығармайық.
2-жүргізуші: Тілді қастерлеу- ізгілік пен мәдениеттің белгісі.
   Сенің әрбір тынысыңмен күн кешем,
   Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
   Ел бетіне қалай түзеу қараймын,
   Ана   тілім сені егер білмесем – дегендей,  1 кезең – «Өлең- сөздің патшасы» мәнерлеп оқу
 Әділ-қазыларға сөз.
2-жүргізуші: Халық өзінің ғасырлар бойына жасалған асыл мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа алдымен ана тілі арқылы табыс етеді.Олай болса,ата өсиетіне құлақ салып,ананың тілі арқылы жеткен бабалар аманатына адал болайық!
1-жүргізуші: 2 кезең –  Келесі кезекті «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» болған тіл туралы мақал-мәтелдерге береміз. Берілген мақалдың жалғасын табу.
Тіл туралы мақал-мәтелдер
Әділ-қазыларға сөз 
1-жүргізуші: Тіл –халықтың жаны,сәні.Оның өткендегісін байыптап,бүгінгісін біліп қана қоймай, келешегін де күн ілгері көре білетін өздерің.
2-жүргізуші: 3 кезең –«Жаңылтпаш айту». Тез, дұрыс айту. 
1-жүргізуші: Әділ-қазыларға сөз 
1-жүргізуші: Қазақ тілі-ұлы Абай, Шоқан,Мұхтар,Сәбит аталарымыздың тілі. Менің тілім!Мен осынау ғажайып сырға толы ана тілімде сөйлей алатыныма,ана тілімде ойымды жеткізіп отырғаныма қуанам!
2-жүргізуші: Олай болса,бүгінгі ұрпақ- ертеңгі күннің иелері тіл туралы ой толғайды. Бүгінгі ұрпақ ой толғайды
1-жүргізуші: 4 кезең – «Даналардың сөздері»
Слайдпен жұмыс.
2-жүргізуші: Әділ-қазыларға сөз. 
1-жүргізуші: Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты. Тіл-  халықтың жаны, сәні .
2-жүргізуші: Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі. Өйткені халқымыз дәрежеге емес, дәстүрге бағынған.
1-жүргізуші: 5 кезең –«Шешендік өнер». Үй тапсырмасы: «Тілім менің – тірлігімнің   айғағы»
1-жүргізуші: «Тіл –ата-баба аманаты. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа ұласқан, бабадан балаға жалғасқан ұлы мұралардың ұлысы алдымен әр ұлттың тілі ғой. Ендеше ата-баба мұрасын жалғастыру, оның мәртебесін көтеру – мына  баршамыздың міндетіміз, парызымыз.
Мұғалім:  Қазақ тілі – дүние жүзіндегі ең бай, беделді де бейнелі тілдердің бірі.
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас – деп ұлы Абай атамыз таңырқап тағзым еткен де, осы қасиетті тіліміз.
1-жүргізуші: Әділ-қазылар алқасына да құрметтерімізді білдіріп, қошемет көрсетейік. 
2-жүргізуші: Марапаттау рәсімі
2-жүргізуші: Халық байлығы- әр елдің мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалған баға жетпес мұра.
Мұғалім: Олай болса, достар, өз ана тілімізді құрметтеу перзенттік парызымыз екенін ұмытпайық. Бүгінгі сайыста сендер өз білімдеріңді, өнерлеріңді ортаға салып,  абыройларыңды жоғары көтердіңдер. Сайысқа белсенді қатысқан оқушыларға алғысымды білдіремін.