Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Айбосинова Мейрамгүл
.
.
Мақсаты: Елбасы бағдарлап берген межелерге жету жолдарын талқылауға салу, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін білу деңгейін көтеру және оқып үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын арттыру. Патриоттық сезімін оятып, тілін, Отанын, елін, жерін сүюге, салт — дәстүрін, тарихын құрметтеуге тәрбиелеу. Жас ұрпақты тілін, дінін, туған жерін сүюге, қадірлеуге, құрметтеуге, тілдің көркемдігі мен байлығын үйреніп, оны мақтан ете білуге тәрбиелеу. Халқына, тілге деген махаббатын, патриоттық сезімдерін оята отырып, білімді де, дарынды жеке тұлға қалыптастыру.
Көрнекілігі: «Тілі — жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» банер,  «Тіл тағдыры – Ел тағдыры» атты видеоролик,слайд, Буклеттер көрмесі, Тіл туралы қанатты, нақыл сөздер. Тіл туралы ұлылар ойлары.
I жүргізуші: Құрметті студенттер, ұстаздар және қонақтар! Бүгінгі «Тілі — жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» тақырыбында өткізгелі отырған дөңгелек үстелімізге қош келдіңіздер!
Дүбірлетсін өңірді,
Дүрілдетсін дүлдүлі.
Қазақ деген елімнің
Құтты болсын, бұл күні!- дей отырып, дөңгелек үстелімізді ашу үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимні орындалсын.
  1. Қазақстан Республикасының Гимні орындалады.
II жүргізуші: Тіл тарихы – ел тарихы, тіл тағдыры – ел тағдыры. Себебі, еліміз бен тіліміз болашақ үшін бірнеше тарихи бұралаңдар мен шатқалдардан адаспай, сүрінбей, ақыры мақсатына жетті. Тарих пен тіл тамырлас. Ана тіліміз бүгінде барлық Қазақстан халықтарының мәртебесі, мақтанышы.
Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Танимысың сен мені
Мен қазақтың баласы!- деп ақын Қасым Аманжолов  ағамыз  айтқандай   анамыздың  ақ сүтімен  бойымызға   дарыған  тіліміздің  өркендеуіне, дамуына  бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды  болашақ  ұрпаққа  танытуда  елеулі  еңбек  етіп  келе жатқан  осы  дөңгелек  үстелдің  арнайы  қонақтары  ұлағатты  ұстаздарымызбен   таныстырып өтейін, қош келдіңіздер!
Оқу бөлімінің меңгерушісі: Сманова Раушан апай
Директордың тәрбие ісі-жөніндегі орынбасары: Төребеков Нұралы ұстаз
Әдіскер: Жакипов Жүсіпхан ұстаз
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі: Бурисова Перизат апай
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі: Талипова Зияда апай
Орыс тілі және орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі: Сейдуалиева Насима апай
Тарих пәнінің мұғалімі: Елеусізова Данақыз апай
Дөңгелек үстелімізді бастамас бұрын   «Тіл тағдыры – Ел тағдыры»  тақырыбындағы  видео роликке  назар  аударайық.
I жүргізуші: Ия, Тіл тағдыры – Ел тағдыры. Тәуелсіз, егемен елдің басты белгілерінің бірі – тіл. Әр халықтың аса бай рухани қазынасы – туған ана тілі. Туған тіл домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқан әуезділігі – шырқап салар әніндей. Оған қазақ халқының ұрпағы ғана емес, Қазақстанды мекендеп жатқан барлық халық үлес қосуы тиіс. Тілді жасаушы – халықтың өзі. Тіл халыққа қызмет етеді. Ана тілін қадірлемеген халықтың болашағы жоқ. Қазақ тілінің байлығы, қазақ ұлтының байлығы. Осы байлықты бағалай білуіміз керек. Сонда ғана біздің Қазақстан кез-келген мемлекетпен иық теңестіре алады.Ол үшін ана тіліміздің қадір-қасиетін өзіміз білуіміз, дәріптеуіміз, насихаттауымыз керек.
Бүгінгі дөңгелек үстеліміздің  I бөлімі «Ана тілім — байлығым» деп аталады. Бұл бөлімде студенттеріміз өздерінің дайындап келген өлең шумақтары мен эсселерін оқиды.