Топырақ эрозиясы және онымен күрес шаралары

Нұрманбетова Алтынай Сабитбекқызы
Биология және агрономия пәндерінің оқытушысы
.
.
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Білім алушыларға топырақ эрозиясы,оның түрлері және күресу шаралары жайлы білім меңгерту, іс–әрекетті белсене және өз бетінше орындауға, тапсырмаларды өзі таңдап, іздеп табуға, құр мәлімет алумен шектелмей, сабақ барысында өз пікірін ашық айтып, сұхбат жүргізуге, рухани және әлеуметтік жағынан білімдерін көтеру.
Тәрбиелік:Табиғатты сүюге және қорғауға, туған елін, жерін сүюге, адамгершілікке, еңбекке, ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Дамытушылық: Білім алушылардың ой-өрісі, танымдық әрекеті,сөйлеу мәдениеті дамыта отырып пәнге деген ынта-ізденісін дамыту.
Сабақтың типі: жаңа білімді меңгеру
Сабақтың түрі: дәстүрлі емес кіріктірілген сабақ
Сабақтың әдіс тәсілдері:  топпен жұмыс
Пәнаралық байланыс: Биология, зоология, топырақтану
Көрнекті құрал- жабдықтар: интерактивті тақта, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбында презентация, бағалау парағы, топырақ үлгілері, «Қазақстанның топырағы» плакаты, анықтамалар, оқулықтар.
Сабақтың дәйексөзі:
 «Білімге жетелейтін жалғыз жол-іс-әрекет»
«Единственный путь, ведущий к знанию это-деятельность»
«А only way conducing to knowledge-it activity»      
(Бернард Шоу)
 
Сабақ барысы:
І.Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ.Білімдерін жандандыру
ІІІ. Жаңа тақырыпты игеру
а) мақсат қою
б) сабақ түсіндіру
ІV.Сабақты бекіту
а) шығармашылық жұмыс
б) жоба ұсыну
в) ой қорыту
  1. Бағалау
          VІ. Үйге тапсырма беру
VІІ. Рефлексия
Сабақтың барысы
І. Ұйымдастыру кезеңі
  1. Білім алушылардың сабаққа қатысуын тексеру
  2. Аудиторияның сабаққа дайындығын тексеру
  3. Білім алушыларды «Топырақ» және «Фермер» атты екі топқа бөлінеді
  4. Сыртқы интеграция. Позитивті көңіл-күй сыйлау
 
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз.  Қолыңызды тізеге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін. Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады, кеудеңіздің ортасында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді эмоцияңызбен  тілек-қалауыңызды шайып жүрегіңіздің қалауын ашты. Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз.
Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде, оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз. Жаймен көзді ашуға болады. Рахмет, қандай сезімде болдыңыздар?
Қорытынды: Олай болса, осы нұрды жүрегімізге сақтап қалайық.
Түйін. Ендеше әрқашан бір-бірімізге жақсы тілектерімізді жалғастыра отырып, бір-бірімізге сүйіспеншілікпен қарап, әрқашан қарым-қатынасымызды дұрыс әрекеттер арқылы көрсете отырып,ішкі тыныштығымызды сақтайық.
ІІ.Білімдерін жандандыру
  1. «Сергіту» (топтарға сұрақтар қою)
1.Тыңайтқыш жіктелуі
2.Организмдердің ең кіші өлшем бірлігі?
3.Органикалық тыңайтқыштар деген не?
4.Өсімдіктерге жасыл түс береді?
5.Дәнді дақылдар түрлерін атаңыздар
  1. Әр топ «Тыңайтқыштар» тақырыбы жайлы ақпараттар әкеліп, презентация қорғайды, өзара сұрақтар қояды, тесттік тапсырмалар мен карточкалармен жұмыс істейді.
1-топ Тыңайтқыштардың маңызы
2-топ-Тыңайтқыштың түрлері
ІІІ.Жаңа тақырып түсіндіру. Мақсат қою.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  атты мақаласында : «Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Ықылым замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды.» Міне, Елбасымыздың осы сөздерінен кейін бүгінгі жаңа сабақты түсіндірмес бұрын алдымызға мақсат қояйық.  (Білім алушылар өз ойларын айтады)
Топырақ эрозиясы және онымен күрес шаралары.
Топырақ эрозиясы туралы түсінік. Жер өңдеу кезінде топыраққа интенсивті ықпал жасау оның құрылымы мен құрылысының «бұзылуына және табиғи топырақ құралу процесі бағытының өзгеруіне, ең соңында эрозия құбылысының пайда болуына әкеп соқтырады. Эрозияның қатерлі, тіпті апатты зардабын сезіну үшін оның мәнісін терең түсіне білу керек. Сонымен, топырақ эрозиясы дегеніміз — оның желдің немесе судың (жаңбыр мен қар сулары, қолдан берілетін сулар) күшімен бұзылып басқа бір алыс не жақын жерге барып шөгуі. Эрозия кезінде топырақтың майда, құнарлы бөлігі сумен шайылып, желмен ұшып кетеді де, оның құнарлылығы кемиді. Табиғатта 2,5 см ғана қарашірік қабаты түзілуі үшін 300-ден 1000 жылға дейін уақыт керек. Осыдан-ақ топырақты қорғаудың, танапта эрозия болмауын ойластырудың өте қажет екені көрініп тұр.
Эрозияның пайда болу факторлары. Топырақ эрозиясы негізінен екі топ фактордың әсерінен пайда болады, атап айтқанда:а) табиғи факторлар; б) адамдардың шаруашылық іс-әрекеті (антропогендік фактор).
Табиғи факторларға климат, жер бедері, топырақ жағдайы және өсімдіктер жамылғысы жатады. Климаттан топырақ эрозиясын тудыратын ең басты фактор — жел. Оның әсерінен негізінен жел эрозиясы пайда болады. Ол, әсіресе, қуаңшылық, желі күшті соғатын және өсімдік жамылғысы нашар немесе аңыздар мен өсімдік қалдықтары топыраққа сіңірілген жерлерде пайда болады. Жел эрозиясының пайда болуы, өсіресе, желдің шапшаңдығына тығыз байланысты. П.С.Захаровтың деректері бойынша, егер жердің беткі қабатынан 10 см биіктіктегі желдің жылдамдығы секундына 8-12 м болғанда эрозия пайда бола бастайды, ал ол жылдамдық 12-15 м/сек. болса, эрозия процесі күшейіп, желдің жылдамдығы 16-25 м/сек.-қа жеткенде күшті эрозияға әкеп соқтырады.
Күнделікті (жергілікті) эрозия. Әр жердің өзіне тән үйреншікті желі болады. Сол желдің әсерінен де үлкенді-кішілі сырмалар, құйындар болып тұрады. Бұл желдер үйреншікті болған соң, оған көп көңіл бөлінбейді. Ал ғалымдардың есебіне қарағанда, олардан да келер зиян аз емес. Мұндай эрозияның әсерінен де күн сайын топырақтың құнарлылығы кеміп отырады, желмен ұшқан мақда түйіршіктерден өсіп тұрған дақылдардың өркендері зардап шегеді, олардың жапырақтары жырымдалып, жыртылады.
Егер танап топырағының 50 пайызынан артығының диаметрі 1-2 мм-ден үлкен кесек түйіршіктерден тұрса, ондай танапта жел эрозиясы болмайды. Жел эрозиясының басталуына қатты әсерін тигізетін түйіршіктерге диаметрі 0,5-1 мм болатын топырақ кесекшелері жатады. Мұндай түйіршіктер қатты желдің әсерінен көтеріледі де, жер бетімен секіріп домалай бастайды. Осы кез де басқа кесектерге соғылып олардың да орнынан қозғалуына себепші болады. Ол кесектер басқаларды қозғайды, ақыры жел эрозиясына айналады. Диаметрі 0,1 мм-ден кем түйіршіктер қатты желдің әсерінен (жылдамдық 15 м/сек.) едәуір алысқа ұшып кетеді де, қалқалы бір жерге үйіледі.
Жел эрозиясының қатерлі де қауіпті түрін шаң дауылы дейді. Ол жердің беті өсімдік жамылғысынан айырылған немесе нашар қорғалған, желі күшті соғатын, топырағының гранулометриялық құрамы жеңіл аймақтарда болады. Топырақ эрозиясының келесі түрі — су эрозиясы.
Жер бедері күрделі болып келетін Қазақстанның оңтүстік-шығыс, шығыс аймақтарында, қар қалың түскен жылдары солтүстік, орталық, батыс облыстарында су эрозиясы болады. Қар суын жерге тездетіп сіңіру үшін ешқандай әрекет жасалмаса, онда су эрозиясы барлық жерде болуы мүмкін. Су эрозиясы кезінде тек топырақтың құнарлы бөлшектері шайылып қана қоймайды, сонымен бірге оның терең қабатында ылғал аз жиналады, содан барып дақылдар өсу кезінде су тапшылығын көреді. Су эрозиясы тамшылық, беткі (үстіңгі), сызықтың және иррагациялық болып төртке бөлінеді.
Тамшылық эрозия. Ол жаңбыр нөсерлеп жауғанда, әр тамшының диаметрі 1 мм-ден 5 мм-ге дейін, жылдамдығы секундына 4,5-9 м шамасында болады. Осы тамшы топырақтың майда кесекшелеріне тиіп, оны бірте-бірте үгітіп, езіп жібереді. Үгітілген бос, майда ұнтақтар топырақтың үстіңгі қабатындағы жіңішке саңылауларды бекітіп, судың сіңуіне кедергі жасайды. Топыраққа сіңіп үлгермеген су жер бетімен ағып, өзімен топырақтың беткі қабатындағы майда бөлшектерін ала кетеді.
Беткі (үстіңгі) эрозия ағынды судың күшті әсер етуінен пайда болады. Мұны кейде жазықтық эрозия деп атайды. Беткі эрозия өте қауіпті, себебі ол көзге онша ілінбей өтіп жатады. Бірақ, бұл эрозиядан келетін зиян көп. Оның әсерінен жыл сайын танаптың әр гектарынан 5 тоннадан 25 тоннаға дейін топырақ шайылып кетеді. Уақыт өткен сайын топырақтың органикалық заттарға бай майда түйіршіктері азайып, құнарлылық кемиді, соның салдарынан алынатын өнім төмендейді.
Сызықтық эрозия. Қар ерігенде немесе нөсер жауын болған кезде судың қатты ағысы топырақта біраз ор жасап кетеді, ол жер бірте-бірте үлкейіп, терең жыраға айналады. Олардың ені 2-3 метрге, кейде, тіпті, 10 метрге жетуі ықтимал. Мұндай жағдайда топырақтың үстіңгі қабаты ғана емес, оның терең қабаттары да бұзылады.
Ирригациялық эрозия. Суару кезінде су топырақтың ылғал сыйымдылығынан артық берілсе, ол топыраққа толық сіңбейді, сондықтан танаптың үстіңгі қабаты шайылып, эрозия басталады. Эрозияның бұл түрін ирригациялық эрозия деп атайды.
Су эрозиясымен күресу шаралары. Су эрозиясымен күресуде шаруашылыққа тиісті жерді дұрыс пайдалана білудің маңызы зор. Бұл, әсіресе, бедері күрделі болып келетін таулы жерлерде орналасқан шаруашылықтар үшін өте қажет. Су эрозиясына дөңес жердегі танаптар өте бейім болады. Сондықтан мұндай топыраққа жиі қопсыта беруді қажет етпейтін дақылдар себу керек. Дөңес жерлердің топырағын су эрозиясынан қорғау шараларының ішінде еңіске көлденең, контур бойынша жүргізілетін мелиорациялық жұмыстардың (жолақтап ағаш отырғызу, көп жылдық шөптер егу) маңызы зор. Топырақты су эрозиясынан қорғауда агротехникалық шаралардың маңызы зор. Ең бастысы, бұл шаралар онша қиын емес, оларды кез келген шаруашылықтарда қолдануға мүмкіндік бар. Олардың ішіндегі ең бастысы жерді дұрыс өңдеу болып табылады.
ІV.Сабақты  бекіту: (топтарға тапсырма беріледі)
Оқытушы сөзі:  Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  атты мақаласында: Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін» деп атап көрсеткен болатын. Сабағымызды қорытындылау үшін екі топқа мынадай тапсырмалар беріледі:
1-топқа -Қазақстан Республикасының эрозияға ұшыраған жерлері туралы ақпарат дайындау.
2-топқа-Топырақтың эрозияға ұшырауын төмендететін  жобалар ұсыну.
V.Бағалау. Топ басшылары топ мүшелерін бағалау критерийлеріне сүйене отырып бағалайды.
VІ.Үйге тапсырма беру. Мазмұнын айту, «Туған жердің топырағы» тақырыбында эссе жазу.
VІІ.Рефлексия
Білім алушылар   бүгінгі сабақтың мақсатқа жеткенін не жетпегені туралы жазып, берілген ватман қағазға жапсырмалы түрлі-түсті қағаздарды жапсырады,ойларымен бөліседі.«Сары түс-сабақ мақсатына жетпеді», «қызыл түс-сабақ мақсатына жетті»