Ыбырай Алтынсариннің ұстаз тұлғасы туралы идеяларының маңызы

Ерманова Сара Есенбаевна
математика пәнінің оқытушысы
.
.
Дүниедегі ең қымбатты адам – халық мұғалімі»
Ы.Алтынсарин 1882 жыл 28.07
    Совет дәуіріндегі педагогика тарихында орыс емес халықтар  педагогикасының тарихы кезінде өзінің лайықты орнын ала қоймағаны  шындық.Ал ақиқатына келетін болсақ орыс емес халықтар тарихында да  артына өшпес мол да , бағалы мұралар қалдырған  кемеңгер педагогтар  қатары баршылық.Қазақ халқының 19 ғасырдың екінші жартысындағы  тамаша педагогы Ыбырай Алтынсаринда  осындай кемеңгер жандар  қатарында болды.
Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларына арнап мектеп ашумен бірге онда  қызмет істейтін, балаларды оқытып , тәрбиелейтін мамандарға, атап  айтқанда, мұғалімдерге аса зор мән берген. Ол : «Халық мектептері үшін ең керектісі  –оқытушы.Тамаша педагогика құралдары да,  ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият жүргізілген инспектор бақылауы да жақсы  оқытушыға тең келе алмайды.Сондықтан да мен жақсы оқытушыны  дүниедегі заттың бәрінен де қымбат көремін» деген болатын.[1] Ғалым еңбектерінде  ұстаз тұлғасы туралы құнды мәліметтер өте көп.Өйткені , оқу үрдісінің нәтижелі болуы әр уақытта мұғалімге байланысты.Ұстаз, ең алдымен, адамгершілігі зор , кішіпейіл, мейірбан , шыдамды, сабырлы тұлға, әр балаға өзінің адами қасиеттерімен үлгі — өнеге болуы тиіс.  Мен бұл жұмысты қолға ала отырып ғалымның еңбектерінен ұстаз тұлғасының маңызды ұстанымдарын іздедім.
   Біріншіден,ғалым – педагог балаларды еңбек сүйгіштікке баулуды ұсынады.Әрине бұл әрекетте ұстаздың алатын орны ерекше. Ол хрестоматиядағы әңгімелерді бала санасына жеткізумен қатар оны әр баланың жеке іс — тәжірибесімен байланыстыруға мүмкіндік береді.Әңгімені не мысалды талдау барысында әр балаға «сіз не істер едіңіз?» деп, оны дәл
осы оқиға жайында түсіру қажет.
Екіншіден, ұстаз бала болмысына оны сыйлау , құрметтеу, сезімімен қарауға тиіс, өйткені туысынан ақылсыз бала жоқ.Ы.Алтынсариннің мысал –әңгімелері мен очерктерінде бала табиғаты туралы көптеген құнды байқаулар мен мәліметтер бар.Ұстаздың « Аурудан аяған күштірек», «Асыл шөп», «Малды пайдаға жарату» атты әңгімелері қайырымдылық пен бауырмалдық, сабырлылық пен шыдамдылық секілді ізгі қасиеттерді тәрбиелеуге арналған. Ыбырай мұнда балалар ұғымын ескеріп, оқиғаның қысқа қайырылып ,мысал, жұмбақ секілді етіп құрылуына мән береді. Сол арқылы шәкірттердің зейін- ықыласын арттырумен қатар, олардың ойлауын қабілетін жетілдіруге зер салады.Баланың осындай қасиеттерін ұстаз білуге міндетті.
    Үшіншіден, балаға үлкен мейірбандылықпен қарап , оқу материалдарын түсінікті және жеткілікті етіп жеткізіп, оған сенім арту арқылы жақсы адамгершілік қасиеттерін дарытуға болады.Оқушы өзіне сенім артылғанын түсінсе берілген тапсырмаларға, өтініштерге, міндеттерге жауапкершілік көзімен қарайтын болады.Мәселен жазушы «Шеше мен бала » деген әңгімесінде ойлы да ұтқыр диалогты кең қолдану жолы мен мейірімділік және қайырымдылықтың не екенін әсерлі етіп суреттей алған.  
Төртіншіден, шын мәніндегі адам бақыты таза еңбекте.Ғалым «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінде ең кішкентай жәндіктердің де өмір, тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүретінін көрсете келіп , оларды балаларға үлгі етеді.Қарлығаш , өрмекші дей жоқпысын, сенде еңбек ет, босқа жатпа дейді.Өз еңбегімен күнелту адамның қадір – қасиетін, абыройын арттырады, айналасындағыларға сыйлы етеді.
«Қорек тап бейнеттен де тәңірің жәрдем,
Телмірме бір адамға мұңдықпенен» дейді ғалым – педагог.Қазіргі нарықтық экономика жағдайында оқушыны өз еңбегімен нәтижеге жетуге тәрбиелеу, ұстаздардың негізі міндеттерінің бірі.
    Бесіншіден,Ыбырай жас ұрпақтарға дұрыс тәрбие беруді, жас кезінен  бастауға  ерекше көңіл бөлді. Баланы дұрыс күт, түзу тәрбиеле , қисығын түзе, адасса айқын жолға сал деді.Бұл жөнінде де елге үлгі боларлық әнгімелер жазды.
 Ыбырайдың бұл әңгімелерін мектеп мұғалімдері балалаларды тәрбиелеу үшін үлгі ете алады.
   Осындай негізгі ұстанымдар тұрғысынан Ыбырай Алтынсарин ұстаз тұлғасын бағалаған. Сондықтан осыдан бір ғасыр бұрын халықтың жарқын болашағын өнер – біліммен тығыз байланыста қарастырған Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұрасында білім мен ізгіліктің негізін қалайтын ұстаз тұлғасы өзінің өзектілігін жоғалтпайтын, қайта күн өткен сайын жарқырай түсетін тақырып.
Қорыта айтқанда адамгершілік – этикалық құндылықтар – ғылым мен білімнің негізі.Мұны кез келген ұстаз әр уақытта білуі керек.Әлемдік білім кеңістігінің  белсенді мүшелерінің бірі болып отырған қазіргі Қазақстандағы білім беру ісінің жандануына , дамуына Ыбырайдың мұрасының берері мол.
Әдебиеттер тізімі.
  1. Ыбырай Алтынсарин тағылымы :Әдеби — сын мақалалар мен зерттеулер . Алматы :Жазушы,1991 ж
  2. Ыбырай Алтынсарин .Шәкәрім Құдайбердіұлы. «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы. 2007 ж.
  3. Ыбырай Алтынсарин.Екі томдық шығармалар жинағы. 2003 ж.
  4. ҚазҰУ хабаршысы.Филология сериясы. 2006 ж. №5