Жаңа форматтағы ұстаз: бүгіні мен келешегі

Валеева Динара Сұлтанқызы
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
.
.
Келешек ұрпақты тәрбиелеп отырған ұстаздарға заманның қояр талабы да күннен күнге артуда. Әр мұғалім өз пәніне байланысты курстан өтіп жатыр. Мен өзім де бірнеше курстан өтіп, білімімді одан әрі жетілдірудемін. Сондай курстың бір түрі үш айлық курс. Осы курс өзге курстарға қарағанда, өте қиын және маңызды. Жеті түрлі модульді түсіндіріп жатқанның өзінде, осы сабақтарға деген үлкен қызығушылық ояна бастады.
Оқыту орыс тілінде жүретін мектептердегі қазақ тілі пәні мұғалімдерінің мақсаты — оқушылардың сөйлеу дағдысын дамыту, қарым-қатынас біліктілігін қалыптастыру, мемлекеттік тілді меңгеріп, сөйлеуіне жағдай тудыру. Диалогтық оқыту модулі- қазақ тілі сабағында қолданылатын модульдердің тиімдісі. Қазақ тілі сабақтарында диалог, әр кезеңде кездеседі, топтық жұмыста, жұппен, бір-бірімен әңгімелескен уақытта. Сабақтағы диалогтың маңыздылығы – оқушылар өз ойларын айту үшін, жаңа құндылықтарды игеруге әр түрлі тәсілдерді іздейді. Оқушыларды топқа бөлгенде, әр түрлі ұстанымдарды қолданып, қазақ тілінен ережелерді қайталауға көмектеседі.
Сабақта оқушылар белгілі тақырыпта диалог құрастырады, бұл жерде олардың тақырыпты түсініп, оны тәжірибе кезінде пайдаланғаны көрінеді. Сабақтарымда диалогтық оқыту модулін пайдаланамын.  Оқушыларға сұрақ қою уақытында диалог туындайды. Мен өз сабақтарымда  оқушыларды ауызекі сөйлеуге үйрету үшін, сөздік қорларын молайту үшін  әр түрлі  деңгейдегі сұрақтар қоямын. Мысалға  «Неге?, Не себептен?, Қалай?, Не үшін?» «Неге бұлай болуы мүмкін». Осындай сұрақтарды қойғандағы мақсатым әр оқушыға ой қорытынды жасау. Жұмыстың нәтижеге бағытталуының өзі осында емес пе?! Осы бірінші рет өткізген сабақтарымда көп қиындықтар болды. Өзге ұлт өкілдері болғандықтан, сөздік қорлары аз, сондықтан балалар өз ойларын дұрыс жеткізе алмайды, оқушылар баяу жұмыс жасайды. Сыныпта оқушылар саны аз болғаны да әсер етеді. Бірақ осындай сабақтарға балалар қызығушылықпен келеді, оларға топпен жұмыс, постермен, критериалды бағалау, сергіту сәті өте ұнайды.
Өз тәжірибемде оқыту барысында алдыма қойған мақсатым – баланы субъект ретінде оқу ісіне өзінше қызықтыратын, оған қабілетін арттыратын жағдай туғызу. Оның бастысы – оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру, оқушылардың оқудағы іс-әрекеті арқылы ойлау дағдыларын жетілдіру, өз бетінше білім алу үрдісінде бірлесе әрекет ету.
Мақсатқа жету оқушының өзі арқылы жүзеге асады.Мұғалім-ұйымдастырушы, бағыт беруші. Сын тұрғысынан ойлау  модулі бойынша сабақтарымда: «Бес жолды өлең», «INSERT», «Болжау», «Ассоциация» әдісі, «Венн диаграммасы», «Түртіп алу», «Семантикалық карта», «Дұрыс-бұрыс» сияқты стратегиялар әр сабақтың ерекшелігіне, ауыр-жеңілдігіне қарай лайықтала қолданылады. Өз тәжірибемде көбінесе оқушылармен бірлесіп, ұйымдасып, топтасып жұмыс істеуге көңіл бөлемін. Оқушы бірлесіп үйренуде кішігірім топтармен, жұппен жұмыс жасауда, ортақ проблемаларды талқылағанда жаңа пікірлерге шығармашылықпен қарау тұрғысында жаңалықтар ашу барысында жұмыс істейді. Топ мүшелері өз ойларын ортаға салып және сол ойларды кесте арқылы көрсетеді. Шамалары келгенше қорғап шығуға тырысады.
Қазіргі заманауи уақытта білімді бағалаудың 5 балдық жүйесі ескірген. «Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау» модулін әр сабақта қолданамын.  Оқушылардың бір- бірін бағалауы мұғалімнің бағалауынан маңыздырақ. Балалар өздерін бағалау кезінде жетістіктерге жетуге ұмтылады, бағаны не үшін және қалай алатындарына, өздік бағалаудың дамуына да әсері мол. Мен өз сабақтарымда «Бағалау парағын», «Смайликтер» қолданамын.  Сабақтарда қалай баға қою керектігін үйреніп алды, дұрыс бағалауды үйренді, шынайы  бағалайтын болды. Әр сабақтағы тренингтер балаларды достастырады мысалы «Жылы лебіз», «Шаттық шеңбер». Бұлар біріншіден балалар арасында ынтымақтастықты, екіншіден есте сақтауларын дамытады, үшіншіден қызығушылықтарын арттырады. Психологиялық хал- ахуалдары жақсарып, сабақта тіл табысып, достық қатынаста отырады.
Оқушылар топта жұмыс істегендіктен, олардың бір-біріне деген жанашырлық сезімдері,  ұйымшылдықтары оянады. Оқушылар мен  мұғалім арасындағы қарым-қатынас өзгереді. Балалар өздерін сабақтарда еркін ұстайды, ойларын ашық жеткізе алады. Бұрын жаңа сабақты өзім түсіндіретінмін . Ал қазір сабақта, балалар, материалды өздері оқиды, бір- біріне айтады, оқытады, топта талқылайды, жазады, талдайды, салыстырады, қорғайды, дәлелдейді, бір шешімге келеді, өздерінің қатесін түсінеді, өзіне- өзі баға береді. Осы іс- әрекеттерде  балалар ойланады, өзі пікірлерін айтады. Өткізген сабақтар барысында әр балада өзгерістер пайда болды. Ол үшін олардың жауабы мұқият тыңдалып, дұрысы мақталып, қатесі түзетіліп отырылды. Оқушылардың пікірлерімен санасу, көзқарасын құрметтеу балаларға да ұнады.
Жеті модулді қазақ тілі сабағында қолдана бастағаныма көп уақыт болмаса да, мынандай пікірге келдім. Осы жүйемен өтілген сабақтар ғана оқушылардың жазған, айтқан сөздерінде табиғатқа, елге, айналаға, өзгеге, өзіне деген азаматтық жауапкершілік үні айқын сезіліп, оқушылардың бойында ұйымдастырушылық, көшбасшылық қабілеттері қалыптасады.