Жаңғырудың қамы – жасампаздықтың салты

Атежанова Айнур Сапаргалиевна
Өндірістік оқыту шебері
.
.
       Елбасы елдің бүгіні мен болашағы туралы ой толқындарын – қуатты сезім ағысымен жүректен өткізе отырып толғана, тебірене сыр шерткенде, таңданыстан бас шайқамау қиын. Оның Отанға, елге, ұлттық құндылық­тарға деген сүйіспеншілігі сүйсінтеді. 
       Ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғырту және білімділікке ұмтылу Елбасы мақаласының өн бойына алтын арқау болып өрілген. Тәуелсіздіктің нығаюы, дамыған елге айналуымыз үшін қазақстандықтар алға батыл қадам басып, жоғары технологияларды меңгеруі, озық стратегиялармен жарақтануы, халықаралық коммерциялық һәм концептуалды жоба­ларды ілгерілетуі маңызды. Бұл – Қазақстан көшбасшысы айтқан «бәсекеге қабілет­тіліктің» бір шарты. 
        Тәуелсіздік ала отырып, Қазақ елі «күрес кеңістігіне» аяқ басты. Бодандықтағы ел бәріне мойынсынуы, көндігуі, ассимиля­цияға ұшырап, жойылып кетуі мүмкін. Тәуелсіз елге ешқашан ертеңге енжарлық танытуға, саяси және экономикалық өмірге селқос қарауға болмайды. Оның үстіне мемлекеттілікке төнген жаһандық сын-қатерлер саны артқан сайын «күрес кеңістігі» де кеңеюде. Тәуелсіз мемлекеттер үш басты аждаһадай анталаған экстремизммен, сепаратизммен, терроризммен күресуге мәжбүр. Жас мемлекеттер тәуелсіз ел ретінде өмір сүруі үшін күресуге мәжбүр. Бұл күрестен мемлекет ешқайда қаша алмайды. Қашса, тек тарихтың қойнауына, тұңғиығына ғана жол тартады. Сондықтан Мемлекет басшысы жат идеологияларға ұлттық құндылықтарымыз бен отаншылдығымыз арқылы төтеп беретінімізді атап көрсетті. 
            Елбасы мақаласының «Прагматизм» атты бөліміне назар аудартқым келеді. Батыста, ірі державаларда болып жатқан сайлау науқандары тіпті дамыған елдерде де жұртшылықтың бос демагогия мен популизмге қарсы иммунитетінің жоқтығын, өтірік – қаңбақ, шын – салмақ екенін түсіне бермейтінін паш етті. Әлемде шын жүйріктердің емес, «тіл жүйріктердің» заманы туған ба дерсіз. Бұл ха­лықаралық қоғамдастық кезігіп отырған кезекті «сын-қатер» болса керек. 
      «Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады» деген.
       Н.Назарбаев алдағы он жылдықтардың ұранына «реализм мен прагматизмді» ұсынады. 
       «Жалғандық жарға жығады» дейді қазақ даналығы. Біз – бабалар батасы дарыған, ата аманатын аялаған елміз. Сондықтан Елбасы Тәуелсіздік жылдары қоғамды бос демагогия дертінен арылтуға күш салды. Оның орнына елді өркендетер түбегейлі жаңаруларға жұмылдырды. Білім биігіне, ғибратты ғылымға, өнімді еңбекке бағдарлады. Бұл – қалыпты өмірді қауіпті өмірге айналдырмаудың және нақты жаңғырудың қамы. 
Біз ұлтымыз бойындағы тек жақсы қасиеттерді дамытсақ, озық білім мен үздік жаңалықтарды дарытсақ, жымиып күліп, жылмаң сөйлеп, жыландай жылжыған жат идеологияларға лайықты тойтарыс берсек, жерұйықтай мемлекетке айналамыз.
             «Мәңгілік ел» болуымыз үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың  қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады… Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», – деп ашып көрсетеді. Бәсекеге қабілеттілік саясат пен экономикада, білім, ғылымда, технологияда, яғни барлық салада болуы тиіс. Бәсеке болған жерде әрбір тұлға өзінің ең сапалы қызмет түрін ұсынады. Білім мен тәрбиесі ғажайып түрде үндескен, ұлттық идеологиясы темірқазығына айналған табысты ел болуымыз үшін жақсылыққа ұмтылып, жаманшылықтан арылып, саналы түрде барлық қасиеттерімізді ізгілендіріп, сананы рухани жағынан үнемі жетілдіріп, дамытып отыруға тиістіміз.