ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР — ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

Аманғосова Шолпан

«Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының 4 курс студенті

Жетекшісі: Бибигуль Арыстанбеккызы

.

.

Сөзімнің басын алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңінің: «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты Қырандай күшті қанатты Мен жастарға сенемін!», -деген жастарға жігер беретін шумақтарымен ашуды жөн көрдім. Қазақстанның жарқын болашағы білімі мен білігі ұштасқан, ұлтының терең тарихы мен бай тілінен сусындаған, ойы озық, өрісі кең, рухы биік, талабы таудай жастардың қолында! Қазіргі жастарға зер сала отырып, еліміздің болашағының баянды, зор екеніне көзім анық жетеді. Бүгінгі таңда еліміз әлемдегі 50 елдің қатарына енді. Оған да тәубә қылып, шүкір етеміз. Дегенмен, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы жолдауында «Қазақстан-2050» Стратегиясын таныстырған болатын. Стратегияда Қазақстанды әлемнің 30 елінің қатарына қосу көзделген. Әрине, осы жолда бойында жігері мен қайраты бар жастардың көш бастауы анық. Сол себептен де Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев жастарға үлкен сенім артатынын әр жолдауында қайталаудан тайсалмады және жастар қазіргі таңда ұсынылып отырған мүмкіндіктерді пайдалануы қажеттігін де назарға салды. «100 нақты қадам» ұлт жоспарында жастарды қолдауға бағытталған шаралар қарастырылған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2030», «Дипломмен-ауылға», «Жасыл ел» жобалары арқылы қазақстандық жастарды қолдау мемлекеттің дамуындағы маңызды бағыттардың бірі болатын.

2019 жыл қазақстандықтар үшін ерекше жыл-жастар жылы болды. Тұңғыш Президентіміз жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайды. Осыған орай, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев жолдауында: «Мен, сіздер, бүгінгі жастар, ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты-біздің еліміздің көтерілуі және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңіріңіздер»,-деп айтқан. Сондықтан, Қазақстанның жаңа даму кезеңі-тікелей жастардың қолында. Еліміз қолынан іс келетін, ойлы да биік рухты, жігерлі де жалынды жастардың көптігімен ерекшеленеді. Сол жастардың бірі-менмін.

Мен  «М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы» АҚ Ақтөбе колледжінің «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының 4 курс студентімін. Колледж қабырғасынаа қабылданған күннен бастап, білім ордасының тыныс тіршілігіне араласып кеттім. Топ басшысы міндетін атқарып келемін. Колледждің белсенді жастарынан құралған Жастар ісі жөніндегі комитет  төрағасының орынбасары міндетін қоса атқарамын. Колледждіміздегі «Айару» бишілер тобының жетекшісімін. Облыстық және республикалық би сайыстарының жүлдегерімін. Колледжден алған білім нәрін, оқытушыларымның берген тәлім-тәрбиесін болашақта өз оқушыларыма берем деген ойдамын. Әрине білімімді бұл сатымен тоқтатапай болашақта әрі қарай жалғастырамын.

Мен тәуелсіз елдің кеудесінде оты бар азаматшасымын. Жүрегім дүние есігін ашқаннан бастап «қазақ» деп соғады. Әр адамның өмір жолы бір мамандықтың иесі болумен жалғасары анық.

Қазақ халқында «Жас келсе-іске» деген керемет сөз бар. Олай болса, мен бойымдағы жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым қажет. Болашақта қанат қақтырған оқушыларымды биік белестерден көрсем, өзімнің кішкене де болса үлесім тиген болса, мен, өзімді бақытты ұстаз деп білемін.

Н.Ә.Назарбаев:«Қазақстанның болашағы–білімді жастардың қолында»,- деп болашақтың бағдарын атап көрсеткендей, бұл жолда ұстаз алдында үлкен жауапкершілік тұрғаны сөзсіз. Осы бағытта білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеу жолында тамшыдай болса да үлес қосу парызым деп білемін. Осындай қиын да күрделі жолды таңдаған ұстаз үнемі ізденісте болуы керек деп ойлаймын.

Алдағы уақытта да өзімнің бар білгенімді оқушылардың санасына жеткізу міндетім деп санаймын. Білімімді үнемі жетілдіріп отыруды жөн көремін. Өйткені, заманауи ұстаз жаңа идеялар үшін көп еңбектенуі керек деп есептеймін. Себебі, заман күннен күнге дамып, өркендеу үстінде. Сондықтан, біз өз шәкірттеріміздің бойында адамгершілік пен ұлтжандылық сияқты ең жақсы қасиеттерді қалыптастыра білуіміз қажет. Мұғалім сөзімен, ісімен, мәдениетімен, мол білімімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, балалармен тіл табысушылық қасиетімен асқақ. Өз кәсібін қадірлеген ұстаз ғана мұғалім мәртебесін биік ұстай алады. Қазіргі қоғамға керегі де осындай ұстаздар. Заманауи білімді мұғалімі бар мектептің балалары да заманына сай білімді болары сөзсіз. Уақыт өткен сайын артылатын жүк те, қойылатын талапта көбейіп, өзгере түспек. Сондықтан үнемі өз білімімізді жетілдіріп, бір сатыға шыққан сайын, келесі биіктікке ұмтыла берсек, жаңашылдыққа қол жеткізе аламыз. Қазіргі заман талабына сай заманауи жетілдірілген, теориялық білімі кеңейген, үйренгенін тәжірбиеде қолдана алатын жанды жаңашыл ұстаз деп танимын.

Біздің қоғамда өркениеті жоғары, өресі биік ұстаздар қауымы көбейе берсін дегім келеді.“Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп, Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз.

Менің мамандығым– әлемдегі ең қастерлі әрі ұлықты мамандық. Сондықтан мен өз мамандығымды мақтан тұтамын. Осындай қасиетті мамандығыма арнаған ой желісін өлең шумақтарыммен түйіндеймін :

Елбасымыз жариялады өз Жолдауын,

Қолдады жылды арнап ел жастарын.

Жеріміздің болашағын құру міндет,

Сол үшін де парызым деп қоштадым.

Мектепте білім алар бар шәкіртке,

Нұр себетін жаңашыл болашақ жас маманмын!