Жеткіншектердің репродуктивті денсаулығы

Ажаева Алтынай Сериковна
Омарбекова Аяжан Даулетқказыевна
Арнайы пәндердің оқытушылары
.
.
Бала денсаулығы мемелекеттің әлеуметтік және экономикалық дамуының түп тамыры болып саналады. Сондықтан қоғам балалардың, жеткіншектердің денсаулығын жақсарту мақсатында қолайлы жағдайлар жасаулары қажет.
     Салауатты өмір салтын қалыптастырудың басты бағыттары мен міндеттерін жүзеге асырудың бірі балалар мен жасөспірімдерге үздіксіз білім беру болып табылады.        Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулық баршаға» атты бағдарламасы бойынша денсаулықты нығайту мәселелеріне байланысты сұрақтардың шешімін үйден, мектептен, өндірістер мен мекемелерден, яғни, адамдар өмір сүріп, білім алып, еңбек ететін аймақтардан іздеуі керек деген болатын.  
Қазіргі күнде біздің мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына үмітіміз сенімді емес, ал адамдардың өз денсаулығына деген жаңа көзқарасы әлі дұрыс қалыптаспаған. Сондықтан да халықтың көпшілігі денсаулықтың дұрыс қалыптасуына көп көңіл бөлуі қажет, әсіресе жасөспірім балалар.      Салауатты өмір салты іс әрекетті тәрбиелеу арқылы және бейімделу арқылы денсаулықты басқара білуі қажет, сондықтан да бұл іс әрекет білім беру жүйесіндегі мамандарының қызығушылығын тудырады.
Қазіргі кезде денсаулық жүйесін қалыптастырмай тіршілік ету мүмкін емес. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу керек. Медицинаның қай – қайсысы да білім берудің орнын толтыра алмайды, ауруды қалыптастыру оңай, емдеу қиын. Егер де білім берудің мақсаты адамды дамыту болса, қазіргі жағдайда білім беру мен тәрбиелеудің басты бағыты ол салауатты өмір сүру салтын қалыптастыру, денсаулықты сақтау мен нығайтуға үйрету.
     Әзілхан Нұршайықовтың «Қызды тәрбиелеу — ұлтты тәрбиелеу» деген әдемі сөзі бар. Иә, қыз бала — болашақ жар, ана. Сондықтан да ұрпақтың дені сау болуын қалаған қазақ — қызға қырық үйден тыйым салып, тәрбиесіне зор мән берген. Алайда сананы теледидар атты «тәрбиелеуші» баурап, зорлық-зомбылық қоғамды дендеген мына заманда қыз балаға деген тәрбие босаңси түскен. Оның үстіне қызға жеңіл қарап, ар-намысын аяққа таптайтын факторлар да жиілеп кетті бүгінде. Осы орайда қыз баланың жыныстық қатынас, отбасын жоспарлау тәрбиесі туралы сөз қозғау орынды сияқты.      Тарқатып айтар болсақ, ер адам мен әйелдердің физикалық дамуы һәм отбасын жоспарлауда тиімді, қауіпсіз әдістерді пайдалану және бала туу мүмкіндігін арттыру. Бүгінгі қоғамда мұндай мәселелер ашық түрде айтылуы тиіс деп пайымдайды дәрігерлер. Себебі қазір қыз балалардың бесіктен белі шықпай жатып, жыныстық қатынасқа түсуі жиілеп кетті. Ойнап жүріп от басып, уақытынан бұрын жүкті болып, жазықсыз сәбиді заңсыз түрде тұншықтыратындар да бар.  Тіпті елімізде заңсыз түрде жасанды түсік жасататын арнайы мекемелер бар екені де жасырын емес. Жас қыздар көбіне «қызық» көреміз деп, аңдамай от басады. Болар іс болған соң, ата-анасына жүкті болғанын айтуға жасқанып, заңсыз мекемелерді сағалайды. Балаға түсік жасату — денсаулыққа зиянды екенін бірі білсе, енді бірі біле бермейді. Жастық шақта жасалған қателіктің арты бедеулікке әкеліп тірейді. Білместік — қыз балаға ғана емес, бүкіл қоғамға зардабын тигізеді соңында.
      Жасөспірімдер мен жастарды мұндай тәрбиеге баулу — тек ортадан емес, отбасынан да бастау алғаны дұрыс. Біз үшін бұл мәселе қаншалықты жабық болса да, бүгінгі қоғам соны талап етіп отыр. Үйдегі ана қызына ертеден жыныстық қатынасқа түсудің зардабы мен зияны жайында кеңінен баяндаса, ал әке ұлына қыз арының некеге дейін былғанбауы қажеттігін, қыз баланың біреуге қарындас, біреуге әпке екенін, оның болашақта ана болу міндетін атқаратынын тереңірек ұғындырып, ұрпағының тәрбиесіне жіті назар аударса, қоғамымызда тастанды бала, дүние есігін ашпай жатып, ана құрсағында тұншыққан шарана азаяр еді!
  «Өкінішке қарай, елімізде 16 жастағы қыз балалар кәсіби маманның көмегін ала алмайды, яғни ата-анасымен бірге бармаса, қабылдауына кірмейді. Ақпараттың аз болуы, білместік әртүрлі зиянды жағдайға тірейді. Жүкті болып қалған қыздар ата-анасынан қорқып, жекеменшік емханаларға жүгінеді. Ал ол жерге барған қыздардың одан кейін балалы болу, болмауы екіталай. Біз сол себепті, 14 жастан асқан жеткіншек қыздар ата-анасынсыз қыздар дәрігеріне (гинекологқа) қаралуы керек деп санаймыз.
Осы мақсатта біздің колледжімізде «Феникс» үйірмесі бірнеше жылдан бері осы жұмысты атқарып келе жатыр. Үйірменің басты міндеті жас жеткіншектермен, студенттер арасында салауатты өмір сүру салтын үйретіп, келеңсіз оқиғалармен, денсаулыққа және қоғамға кері әсерін тигізетін жағдайлардың алдын-алу туралы ақпараттандыру болып табылады. Үйірмешілер әр түрлі тақырыпта колледж ішілік, мектеп аралық жеткіншектерге ақпатараттар таратып, қолдан келген көмектерін көрсетуде. Сонымен қатар қала аралық колледждерде де «Жүктіліктің алдын-алу», «Жыныс жолдары арқылы тарайтын инфекциялы аурулар», «Түсік пен жасанды түсіктің зияны», «Жеткіншектердің гигиенасы және  тазалығы»,  «Жеткіншектердің репродуктивті денсаулығы» т.б. тақырыптармен үйірмешілер ақпараттар таратып, өз көмектерін берді.
 «Әр адам ерте ме, кеш пе, отбасын құруды, ал әйел адам дені сау сәбиді дүниеге әкелуді ойлайды. Сол себепті әрбір жеткіншек репродуктивті денсаулығын ойлауы қажет, жыныстық тәрбие жайында ақпараттануы керек.
«Тоқсан ауыз сөздің — тобықтай түйіні бар»   демекші, салауатты өмір сүріп, денсаулықты сақтап, дұрыс жолмен жүріп  тәлім-тәрбие алу – ол болашақтың кепілі, өнегелі ұрпақ болып табылады.
Әдебиеттер және оқыту кұралдары
  1. Старостина Т.А., Размахина Н.И., Торганова И.Т. «Планирование семьи» Москва. 1996г.
  2. «Экстрагенитальные заболевания и беременность». Под редакцией Дощановой А.М., 2001г.
  3. Руководство по охране Репродуктивного здоровья в Казахстане. Под редакцией Каюповой Н.А, Алматы. 1998г.
  4. Кулакова В.И. «Акушерско — гинекологическая помощь». Москва 2000г.
  5. Дуда И.В., Дуда В.И. «Клиническое акушерство». Минск. 1997
  6. Кулаков В.И., Прилепская В.Н.Практическая гинекология. Москва.2001г.
  7. Избранные клинические лекции по акушерству и гинекологии. Алматы,1990г.